Сені көріп,

Серпілістен селк етіп,төзім, демім,

Таға алмаппын таласып сезімге мін.

Түнді таңның орадым құшағына

Қараңғыны қор етіп6 көз ілмедім.

Сені көріп,

Артық ауыз сөз айтып, күндемедім,

Жанарымда билеген тербеле мұң.

Хал сұрадың, жаныма жақын келіп,

Сонда сездім қолымның терлегенін!

Сені көріп,

Қасіреттің шарабын қанып іштім,

Қадіріне жете алмай бақ, ырыстың.

Мезгілдердің көшінен мекен таппай,

Әр сәтінен маусымның жаңылыстым.

Сені көріп,

Сағыныштан сабырсыз құрғыр денем,

Сәтсіздікке ән салдым бүгін де мен.

Көзге ілмей өтуің – мың уайым ғой,

Бәлкім, ол – ғұмыр деген!

*      *     *

Басқа тұсқа көшеді екен кей сана,

Мен бақытты өзің жаққа жолдағам.

Жылы сөздер жазылатын болса да,

Берілмейді оң баға!

Сезбей қалдым, дәмі кеткен астың да,

Шаштарымның сұлулығы жоғалған!

Ұқсап барам ұзамайтын қашқынға,

Табыла ма жол алдан?

Киінудің тәсілін де ұмыттым,

Мишығыма мұнар салған мың түрлі ой!

Жансыздықтың арасында  жүріппін,

Жылап алам, күлкім ғой!

Еркіндігім! Тапа тал түс!

Екінді!

Тағы аяусыз күндер өткен көңілсіз!

Біздің тағдыр –  “құжат қағаз” секілді!

Бітетіні, бітпейтіні белгісіз!

Кездейсоқтық сыйлап

кеткен “кешегім”

Қиялыммен кешкен түнге құрбан өң!

“Таң атқанша өлең оқы” десе егер,

Тапжылмастан тағдырымды жырлар ем!

Тапжылмастан тағдырымды жырлар ем!

Гүлжанат

Қадырбекова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!