Биылғы сайлау жаңаша сипат алды. Праймериз ұғымы қолданысқа еніп, партия кандидаттығына үміткер саясаткерлер жергілікті аймақтарда өтетін сайысқа түсіп, ұпай жинады. Кандидаттар арасында әйелдер мен жастарды 30 пайыз қамту керегін Елбасы қатаң тапсырған еді. Бұл тапсырманың қаншалықты орындалғанын, жалпы сайлауда қандай өзгерістер орын алғанын саралап көрсек.

Сайлау нәтижесі жарияланған күні-ақ Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбек «мәслихаттағы депутаттық корпус 6 жылға жасарды, бүгінде халық қалаулыларының орташа жасы 45 жасты құрайды» деп сүйінші сұрады. Бұдан бөлек мәслихат депутаттарының құрамы 65%-ке жаңарған.

– Nur Otan-нан сайланған барлық депутаттардың үштен бірі – әйелдер, 23%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Олардың қатары сәйкесінше 11%-ке және 16%-ға артты. Осылайша партия Төрағасы Н.Назарбаевтың барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер мен жастардың үлес санын арттыру жөніндегі тапсырмасы толық орындалды, – дейді Бауыржан Бәйбек.

Сайлау нәтижесінде Nur Otan 76 мандатпен, Ақ жол 12 мандатпен және Халық партиясы 10 мандатпен Мәжіліске енді. Ал халықтың басым көпшілігі жеңіске жетеді деп сенген Адал партиясы үздік үштікке ене алмады. Десе де Мәжілістің құрамы сапалық тұрғыдан жаңа есімдермен толықты. Мәселен, еліміздегі ең жас депутат Мәди Ахметов ‒ 25 жаста. Депутат болған күннен бастап сынға қалған ол барша қазақстандықтарды өзін қолдауға шақырды.

– Депутаттыққа қандай да бір бизнес-жобалар немесе қандай да бір заңды алға тартып, оны дамыту үшін бармаймын. Мені ешқандай «ағашка» қолдамайды. Бұл ‒ зор жауапкершілік. Мен ол үшін бар білімім мен күшімді саламын. Nur Otan партиясында мен ең жас депутатпын, бірақ менің 30 жасқа дейінгі әріптестерім бар. Мысалы, Ернұр Бейсенбаев, Вера Ким және басқалар. Біз бір-бірімізді қолдаймыз деп үміттенемін. Стереотипті өзгерту керек. Содан кейін біз «жастарға жол» дейміз, ал жастар келгенде «ол тым жас деп бастаймыз, –  деп сынға жауап қайтарды.

Бұдан бөлек жергілікті мәслихат депутаттары арасында ең жасы – жалағаштық Нарбота Серәлі.

– Оқушы кезімнен белсене араласқан қоғамдық жұмыстар мені тұлға болуға тәрбиеледі. Осы қоғамдық жұмыстар «24 жасымда көлігім болса немесе ақшам көп болса» деген армандарды ысырып, халыққа болса екен деген арманмен жұмыс жасауға үйретті. Халықтың аманатын арқалап, бес жылдық аламанға қосылдым. Бапкеріміз ел болған соң, сенімді ақтауға серт бердім. Ауыл бізді биікке қарай өсірді, енді ауылды биікке көтеру үшін еңбек етемін. Мемлекеттің халыққа жасап жатқан мүмкіндіктерін халықтың толық пайдалануына жағдай жасап, халық пен биліктің арасындағы достық көпірі болуға жұмыс жасаймын. Жасым кіші болғанмен, үлкен үмітке толы ертеңгі күн біз үшін ортақ, – дейді жас депутат Нарбота Серәлі.

Жастардың депутат болғанына қуанамыз. Аға-буын өкілдерінен жастайынан тәлім алып, тәжірибе жинақтаса дейміз. Ал ел ағалары не дейді?

– Сайлау елдегі жаңа жағдайда, саяси ахуалда өткізілгенін атап өту керек. Президент бастаған реформалар іске асырылды. Соның нәтижесінде бірталай заңға өзгерістер енгізілді. Осы сайлаудың жаңашылдығы – жаңа сайлау заңнамасына сәйкес өткізіліп отырғаны. Оның ішінде 30 пайыздық квота да бар. Мәжіліс, мәслихаттарда жастардың депутат болуы өте маңызды. Сонымен жаңа Мәжіліс пен аймақтық мәслихаттар өз жұмысын бастады. Құрамы шамамен 70 пайызға жаңарған заң шығарушы органдарға артылған үміт зор. Тәжірибесі мол тұлғалармен қатар ел үшін маңызды қызметке жастардың көптеп тартылуы қуантады. Тек билеуші партияның депутаттық корпусы 6 жылға жасарып, орташа жасы 45 жасты құраса, депутаттардың үштен бірі әйелдер екен. Енді партиялардың ғана емес, ең әуелі халықтың сенімін ақтау тұрғысында аянбай еңбек ету қажет, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Сайлаудан кейін Парламент жаңарып, жасарды деуге болады. Қатарынан үш-төрт мәрте депутат болып зейнет жасына шыққандар орнын босатты. Олардың қатарында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, 71 жастағы Владимир Божко да бар. Сонымен қатар партиялардың басым көпшілігі жаңа есіммен толығып, халық алдында маңызды міндеттемелерді алға қойды. Праймериз әдісі де өз нәтижесін беріп, 36 жеңімпаз Парламентке өтті. Мемлекет басшысы ендігі сайлауда барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген нұсқа енгізген жөн деген пікір айтты. Бұл ұсыныс та партиялардың қаншалықты жұмыс істегенін көрсетеді.

Қашанда жастардың бастамасын аға-буын қолдайтыны, пікірін ескеретіні сөзсіз. Ол үшін әрбір жастың ойы озық, сөзі өтімді болуы маңызды. Депутат болған жастарға сенімсіздік танытатындар да бар. Сол себепті билікке ұмтылған жастарды демейтін кез келді. Осы тұста Түркия Президенті Режеп Тайп Ердоғанның «Ешқашан да билік басындағылардың алдында иілмеңдер. Мейлі ол Президент болсын… Ризықты Алладан сұраңдар» деп мінберде жастарға айтқан кеңесі еріксіз ойға оралды.

Айгүл Әлішерова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!