Франция премьер-министрі Габриэль Атталь мектеп директорын ұрды деп өтірік айыптаған Париж лицейіндегі оқушыны сотқа беретіндерін мәлімдеді. Директор заңға сәйкес орамал мен хиджабты шешуді талап еткен екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Хиджаб киетін оқушы мен директор арасындағы қақтығыс желіде резонанс тудырып, соңында директор мерзімінен бұрын зейнетке шыққан.

«Мемлекет әрқашан мемлекеттік қызметкерлердің, зайырлылық қағидатын бұзып, оқу орындарына енген исламшылардың әрекеттеріне қарсы күресетін адамдардың жағында болады» , – деді премьер-министр, бұрынғы білім министрі Атталь.

Франция 2004 жылдан бері мектептерде діни және дәстүрлі киімдерді киюге тыйым салды. 28 ақпанда Париж лицейінің директоры Морис Равель хиджаб киген үш оқушыны көріп, заңға сәйкес, шешуді талап етті. Екі қыз бағынды, бірақ үшінші қыз – кәсіптік білім беру курсының студенті көнбей, директормен жанжалдасып қалады.

Содан ол директордың үстінен арыз жазып, оны қолынан қатты ұрғанын айтып, желіде бұл туралы айта бастады. Содан кейін директор сынның астында қалып, салдарынан жұмыстан шығып кеткен. Жоспар бойынша ол биылдың оқу жылынан кейін кетуі керек еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!