Қазақстан экономиканы әртараптандыру және сапалы инвестициялар тарту бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде өңдеуші өндірістер, жасыл энергетика, фармацевтика және заманауи инфрақұрылым қарқынды дамуда.
2026 жылы бірқатар өңірлерде ірі өнеркәсіптік жобалар іске қосылды немесе мақұлданды. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және технологиялық дамуға елеулі үлес қосуда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және агротехнологиялар
Павлодар облысында құны 2 млрд теңге болатын майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, 35 мың тоннаға дейін тазартылмаған күнбағыс майын өндіре алады. Өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да жеткізілетін болады.
Солтүстік Қазақстан облысында қытайлық XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD компаниясы тағы бір ірі май өңдеу зауытын салуда. Инвестиция көлемі – 53 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1,4 мың тонна өнімді құрайды. Іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған. Нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістан облысында жылына 500 бірлікке дейін агродрон өндіретін зауыт іске қосылды. Ұшқышсыз аппараттар ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеуге арналған және бір ұшуда 5 гектарға дейін жерді бүркей алады. Болашақта өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған дрондар шығару жоспарлануда.

Фармацевтика және биотехнологиялар
Үкімет Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық кешенді салу және жаңғырту жобасын мақұлдады. Кәсіпорында онкологиялық, аутоиммундық және орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілерді қоса алғанда, 74 атаулы дәрілік препарат өндірілетін болады. Сондай-ақ белсенді фармацевтикалық субстанциялар мен иммунобиологиялық препараттар шығарылады. Жоба шамамен 70 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында құны 32,5 млрд теңге болатын толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жоспарланған. Жобаны іске қосу 2031 жылға белгіленген. Зауыт онкологиялық және орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілерді қоса алғанда, 20 атаулы препарат пен иммунобиологиялық өнім шығаратын болады.
Энергетика және жасыл технологиялар
Қазақстандық Baskan Irrigation компаниясы Жетісу облысында қуаты 30 МВт болатын Покатилов су электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Пайдалануға беру мерзімі – 2028 жыл. Жоба аясында көлемі 80 млн текше метрге дейінгі су қоймасы салынып, шамамен 32 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін суаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылына шамамен 30 мың МВт·сағат электр энергиясы өндіріледі.
Түркістан облысында құны 307 млн АҚШ долларын құрайтын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны қытайлық China Energy Overseas Investment Co. Ltd. компаниясы Qazaq Green Power PLC және «Самұрық-Энергоның» қолдауымен жүзеге асыруда. Станция 2027 жылы іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 674 млн кВт·сағат электр энергиясын өндіреді.

Металлургия және тау-кен өндірісі
Ең ауқымды жобалардың бірі – Павлодар облысында сингапурлық XINFA компаниясы салатын алюминий кластері. Инвестиция көлемі – 15 млрд АҚШ доллары. Жоба бокситтерді терең өңдеуді көздейді және жыл сайын 4,8 млн тонна глинозем, 2,4 млн тонна электролиттік алюминий және 1,2 млн тонна терең өңделген өнім өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс 2026 жылы басталып, алғашқы кезеңі 2028 жылы іске қосылады. Жоба шамамен 10 мың жұмыс орнын ашады.
Қытайлық Sinolnvest Group Ltd. компаниясы Қарағанды облысындағы темір кені кен орнын игеруге кіріседі. Өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна кенді құрайды. Пайдалану мерзімі 2027–2034 жылдарға жоспарланған.
Ақтөбеде құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі зауытының құрылысы басталды. Жоба қытайлық Beijing Jinvi Yuanfang Group инвестициялары және қазақстандық Phoenix Industrial Group компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Зауыт мыс сынықтарынан жылына 25 мың тоннаға дейін тазартылған мыс өндіретін болады. Іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған. Өнім ішкі нарыққа және ЕАЭО мен ЕО елдеріне экспортталады.
Туризм және инфрақұрылым
Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын жүзеге асыруға Франция, Канада және АҚШ компаниялары тартылды. Француз тарапы 11 аспалы жол салады, канадалық компаниялар инженерлік жобалаумен айналысады, ал америкалық тарап құрылыс жұмыстарын басқару мен үйлестіруді жүзеге асырады. Курортты іске қосу 2028 жылға жоспарланған.
Баку кеме жасау зауытында Каспий теңізінде жұмыс істеуге арналған алғашқы контейнерлік кеменің құрылысы басталды. Жоба «Қазмортрансфлот» пен Abu Dhabi Ports компанияларының қатысуымен жүзеге асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін сыйымдылығы әрқайсысы 780 TEU болатын екі кеме салу жоспарланған.

Жобалардың маңызы
Аталған жобаларды жүзеге асыру Қазақстанға:
- мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға;
- жоғары қосылған құны бар өңдеуші өндірістерді дамытуға;
- экспорттық әлеуетті арттыруға;
- жасыл энергетика мен фармацевтика салаларын дамытуға;
- өңірлерге ірі шетелдік инвестициялар тартуға және олардың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Барлық аталған жобалардың жүзеге асырылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру және ауқымды экономикалық трансформация жүргізу жөніндегі дәйекті саясатының нақты нәтижесі болып табылады.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өндірістерді дамыту және сапалы шетелдік инвестициялар тарту міндетін қойған болатын. Бүгінде бұл саясат нақты нәтижелер беруде: өңірлерде заманауи кәсіпорындар ашылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылуда, экспорттық әлеует артып, елдің өнеркәсіптік тәуелсіздігі нығаюда.
Металлургия, фармацевтика, жасыл энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі жобалар Қазақстанның Президент белгілеген бағыт бойынша жоғары технологиялық, әртараптандырылған және бәсекеге қабілетті экономика құру жолымен сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын көрсетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!