Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысты.

Президент, ең алдымен, ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, мұны еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталды, деп хабарлады Ақорда сайты.

«Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. «Адамзаттың екінші ұстазы» – Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көне заманнан бастау алған ілім жолы ешқашан үзілмегенін, өткен ғасырда қазақ ғылымы ерекше қарқынмен дамығанын еске салды. 

«Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуетімізді арттырып, үздіксіз алға басу үшін әрдайым іздену керек. Биік мақсат қойып, жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ ХХІ ғасырда мемлекеттің қуаты ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенетінін, халықаралық аренадағы ықпалы да осыған байланысты екенін алға тартты.   

«Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін  арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз. Бүгінгі басқосуда осы саланың мәселелері туралы ашық пікір алмасамыз деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер болып, саланы тежеп отырған түйткілдерді шешу үшін нақты жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар өткен аптада Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын айтып, еліміздегі 22 мыңнан астам ғалым санын осыдан 30 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда көп емес екенін атап өтті.

«Жалақының аз және тұрақсыз болуы осы саладағы кадрлық әлеуеттің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Іргелі ғылымдармен айналысатын институттардың жағдайы өте ауыр болды. Біз алдымызға ғалымдардың санын көбейту, ғылыми экожүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отырмыз. Сондай-ақ, ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болады», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы проблеманы ғалымдар жылдар бойы көтеріп келгеніне назар аударып, аталған мәселе «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістердің негізінде шешілгенін атап өтті. Нақты айтқанда, заңға іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді. Бұл қадам бірқатар ғылыми институттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысы кіреді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы 70 пайызға өскен. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылып, соңғы үш жылда ғылымның мемлекет тарапынан қаржыландырылуы 70 пайызға артқан.

«Ғалымдардың біліктілігін арттыру үшін әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ғалымдар Жаңа Қазақстанды, яғни Екінші Республиканы құру ісіне белсене атсалысып, осы маңызды әрі тарихи сәтте зор жауапкершілік танытатынына сенім білдірді.

Жиын соңында Президент бірқатар ғалымды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!