Белбеу күресінен Мереке Құдайбергенованың есімі көпке таныс. Ол қанша жетістікке жетсе әрбір жеңістің астарында үлкен күш, қайнаған қайрат, жігер-намыс жатыр. Соның біріне тоқталып өтсек. Әлем чемпионаты алдында Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынына дайындық жасап жүрген. Содан не болды десеңші, жарысқа аттануға екі күн қалғанда тобығын шығарып алды. Дәрігерге көрсетсе, жарысқа жібермейтіні ақиқат. Енді не істеу керек?

Ол ауылда талай рет шыққан қол-аяғын сынықшыға салдырып үйренген. Сондықтан сынықшының жәрдемі қажет болды. Осы ойы Ұлттық құраманың аға бапкері Ерлан Сәтбаевпен бір жерден шығып, елордадан сұрастырып жүріп, әйтеуір іздегенін табады-ау. Алайда шыққанына бірнеше сағат өткен тобықты салу оңай болмайды. Сынықшы: «Бірнеше ай аяғыңа көп күш түсірме», – деп кеңес беріп, аяғын матаға таңып, байлап береді. Қонақүйге ақсаңдап жетіп, төсегіне құлайды. Етек жасқа толды, үміт көзден бұл-бұл ұшқалы тұр.

«Әлем чемпионы боламын деген мақсатым елес болды ма?» деп ойлады. Қашаннан Мереке сертке мығым, қиындыққа мойымайтын қасиетке ие еді. Сол қасиеті қыздың намысын қайрады. «Қалай болғанда да Әлем чемпионатына қатысамын» деп өз-өзін қамшылады. Дәріханадан түрлі май алып, жарақат орнын сылайды. Ертесіне жаттығу залына барып, аға бапкерге мән-жайды түсіндіріп, әлемдік додаға қандай жағдай болмасын баратынын айтады. Қырағы жаттықтырушы Мерекенің көзіндегі отты көріп, «жолға дайындал» – дейді. Жүйрік пойызбен үш күн жүріп, Ресейдегі Домбай қаласына жетеді. Белбеу күресінен бақ сынауға 122 мемлекеттен 300-ден астам кіл мықты жиналады. Қазақтың қайсар қызы 76 келіде бақ сынады.

Алғашқы айналымда кілем иесімен белдеседі. Жергілікті жанкүйерлер алдында жер болмауды ойлаған қарсыласы, ақсаңдап басып жүрген аяғын қайта-қайта түрткілеп, жарақатын жанына батырады. Алайда қарсыласының пиғылын түсінген рухты спортшы мәселені тез шешуге тырысты. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Мереке қарсыласының екі жауырынын кілемге тигізеді. Одан кейін түрікмен аруының осал тұсын табады. Ал, ақтық бәсекеде Ресей елі үкілеп қосқан Екатерина Бурновамен белдеседі. Қарсыласы белбеу күресінен әлемнің экс-чемпионы, оның үстіне, әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған азулы спортшы.

Бұған дейін Мереке Латвияда, Грекияда өткен Әлем чемпионатында қоланы місе тұтқан (самбо күресінен). Енді қалай болғанда да қоланы алтынға ауыстыруы тиіс. Осы мақсатпен жігерленген спортшы даңқты қарсыласын төртінші минутта айқын жеңеді.

Ақсаңдап келіп, чемпиондар тұғырына мініп, қазақ елінің Әнұранының шырқалуына себепкер болады. Марапаттау сәтінен кейін финалдағы қарсыласы Екатерина ақсаңдап жүруінің себебін сұрайды. Жүзіне күлкі үйірілген Мереке жарысқа келер алдында тобығын шығарып алғанын айтады. Сонда даңқты спортшы қазақ қызының қайсарлығына тәнті болып, басын иіп: «Мереке, сен нағыз чемпионсың!» – депті.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!