Рақымжан Мұсатай,

Облыстық жастар ресурстық орталығының «Жастар шығармашылығын және Бұқаралық спортты дамыту бөлімінің» маманы:

ТӘУЕЛСІЗДІК – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

– Бұл – еліміздегі ең ұлы мереке. «Тәуелсіз» деген сөздің мағынасын жіті түсіне білген адамға бұл сөз үлкен күш-жігер, қажыр-қайрат сыйлайтыны ақиқат. Иә, тәуелсіз, ешкімге бағынышты емес, зайырлы, өз тілі, діні, ділі бар Қазақстан деген елдің азаматтарымыз. Бұл біздің кеудеміздегі ең үлкен мақтаныш сезімі болу керек. Өзге елдерде орын алып жатқан неше түрлі оқиғаларды естіп жүрміз, сондықтан тыныштықпен атқан әр таңымыз үшін мың шүкір.
Қазақстанның Тәуелсіздігі – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Тәуелсіздік – етігімен су кешкен ерлердің, етегі жасқа толған аналардың, шырылдаған нәрестелердің қасіретінің өтеуі, тілегінің қабыл болуы, тағдырдың сыйы. Тәуелсіздік – дамып-жетілудің, өсіп, өркендеудің кепілі. Ол – он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдірет иесінің шапағатымен, ата-бабаларымыздың қанымен келген қасиетті жеңіс. Ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр даланы, қойнауы құтқа толы абат мекенді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ата-бабаларымыз ұрпағына аманаттаған. Ата-бабамыздан аманатқа қалған ел мен жерге ие болу, аманатқа қиянат қылмау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН ОТАН

– Тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі киелі орындар адамға жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы – патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. Олай болса, патриоттық тәрбиенің қазіргі кезде алатын орны ерекше.
Демек, арғы ата тегімізде бар ұлтшылдық, елжандылық, намысшылдық, қайсарлық қасиеттер ұрпақтың өн бойында болуы тиіс. Біз болашақ ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеуге тиіспіз.
Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа ең алдымен – тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет.
Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік.

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ
ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН

– Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Рухы биік, намысы берік бабалардың ғасырлар бойғы асыл мұраты азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын!
Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 30 жыл толды. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп-көркеюі жолында аянбай етіп жүрген қазақстандықтарды Ұлттық мерекемізбен құттықтаймын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!