Қорғаныс министрлігі қандай аурулар бойынша әскерге шақырылғандар босатылатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудан босатуға жататын аурулардың тізбесі «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарында қызмет өткеру үшін адамдар денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 722 бұйрығымен бекітілген.
«Бұл тұрғыда адамдар ішкі ағза аурулары, хирургиялық патология, неврология, көз ауруы және басқа да дертке қатысты мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылады», – делінген қорғаныс министрлігінің жауабында.
Айта кетсек, бұған дейін Қорғаныс министрлігі қай санаттағы адамдар әскери қызметтен босатылуы мүмкін екенін және әскер қатарына шақырылмайтынын түсіндірген болатын.
Бұл тұрғыда кейінге қалдыру отбасы әрі денсаулық жағдайына, оқуын жалғастырғандарға, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтерге, ауылдағы дәрігерлерге, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына қатысты болады.
Сондай-ақ, алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды.
Бұдан бөлек, азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандарға қатысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!