Сурет ашық дереккөзден алынды
Қойдың сорпасын ішіп, етін жеп өскен қазаққа «кейбір адам үшін тамақ жеу қорқынышпен, кінәмен, ұялу сезімімен, тіпті өз-өзін жек көрумен араласып кеткен ауыр психологиялық тұзақ» деп айтсақ, қабылдай ала ма? Десе де, бұл шындық, бұл дерт, ал оның атауы − булимия.
Булимия бір күнде пайда болмайды, ол қоғамның қысымынан, мінсіздікке ұмтылған сананың шаршауынан, эмоциялық бос кеңістіктен, қабылданбаған жан жарасынан өсіп шығатын дерт. Әлеуметтік желі жалған сымбатты өмір салтының эталонын көрсетіп, сыртқы келбет адам құндылығының басты өлшеміне айналған сайын бұл мәселе бұрынғыдан да күрделене түсті.
Ең қауіптісі – булимияны көпшілік әлі күнге дейін еркелік, әлсіз мінез немесе уақытша қыңырлық деп қабылдайды. Ал шын мәнінде оның ар жағында жан күйзелісі, бақылаудан шыққан мінез-құлық және адамды іштей жегідей жейтін тұйық цикл жатыр. Сондықтан булимия туралы сөз қозғау – тамақ жайын айту емес, бүгінгі қоғамның адам психикасына қалай әсер етіп жатқанын ашып көрсету.
Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, буллимияның таралуы әйелдер арасында шамамен 0,5-2%, ал ерлерде 0,1-1%-ды құрайды. Бірақ мамандар бұл көрсеткіштің нақты жағдайды толық ашпайтынын айтады. Себебі бұл дертті науқас та, дәрігер де біршама уақытқа дейін байқамайды, ал соның салдарынан, әрине, нақты статистика да шыға қоймас. Қазір барлық аурудың жасарғанын айтамыз ғой, тіпті мойындадық. Ал бұл булимия көбіне 16-20 жас аралығындағы жастарда жиі кездеседі. Дәл осы кезде адам өз-өзін тану процесінен өтеді, сыртқы ортадан келетін қысым да күшейеді. Сондықтан бұл бұзылысты тек медициналық мәселе деп қарау жеткіліксіз секілді. Себебі оның артында әлеуметтік және психологиялық факторлар да бар екені анық.
Жалпы тамақтану бұзылысы бар адамдардың шамамен 10 пайызы ғана кәсіби мединициналық көмекке жүгінеді. Қалғандары өз бетінше ем қабылдауға тырысады. Бірақ оның салдары да ауыр. Себебі зерттеулерге сүйенсек, тамақтану бұзылысы бар адамдарда өлім қаупі 5 есе жоғары болады.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Бірақ бойыңызға дерт жабысса, оның алғашқы белгілерін білген жөн.
− Ашқарақтық сезімі мен жеген тамақтың калориясын шамадан тыс алаңдау. Міне, булимияның алғашқы белгілерінің бірі осы. Көп жағдайда бұл дертке шалдыққан адамдар денесінің салмағына ерекше мән береді. Тіпті көпшілік ортада да әңгімені көбіне осы тақырып төңірегінде өрбітеді. Кей жағдайда адам ның дене сал мағы жасына сай қа лып ты болғанымен, нау қас өзінің сымбатын қа былдай алмайды, мінсіз өлшемге жеткісі келеді.
Бұл синдромға ұшыраған науқастар тамақтанғаннан кейін өзін кінәлі сезінеді. Тамақ ішу кезінде бақылауды жоғалту, ашқарақтықтың күшеюі сияқты белгілер байқалады. Соның салдарынан адам жиі күйзеліске түсіп, өз-өзіне деген жеккөрініш пайда болады, біртіндеп тұйықтала бастайды.
Булимия көбіне жасөспірімдік кезеңде, өтпелі шақта басталады. Бұл уақытта гормоналдық өзгерістер жүреді, жасөспірім айналасындағы адам дардың пікіріне қатты тәуелді бола бастайды. Өзіне тым сын көзбен қарау, сондайақ ата-ананың шамадан тыс қамқорлығы да психологиялық қысым тудырып, мәселені ушықтыра түсуі мүмкін, − дейді облыстық жастар денсаулығы орталығы ұйымдастыруәдістемелік бөлімінің дәрігері Сауле Каусова.
Маманның айтуынша, булимияның екі түрі бар. Біріншісі – классикалық түрі. Бұл жағдайда науқас артық тамақ танғаннан кейін құсық шақыру арқылы немесе іш өткізетін дәрілерді қолдану арқылы ағзадан тамақты шығаруға тырысады. Екіншісі – анорек сия ның екінші сатысына ұқсас түрі. Мұнда адам ұзақ уақыт аш жүруге тырысып, шамадан тыс спортпен айналысады
Сонымен қатар ауыр және жүйкелік деп те бөлінеді. Ауыр булимия кезінде науқасқа шұғыл түрде стационарлық медициналық көмек қажет.
Екінші түрі – жүйкелік булимия. Бұл тамақтану тәртібінің бұзылуы салдарынан пайда болады. Оның негізгі белгілеріне тәбеттің күрт ашылуы, ұстама тәрізді ашқарақтық, жалпы әлсіздік және асқазан тұсындағы ауырсыну жатады. Кей жағдайда жүйке жүйесінің кейбір аурулары, эндокриндік жүйедегі өзгерістер немесе психикалық саулықтың бұзылуы да осы түрдің дамуына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам салмақты бақылаудан шығарып алып, семіздікке ұрынуы ықтимал.
Ал ауыр булимияның негізгі белгілерінің бірі – дене салмағының күрт азаюы. Кейде адам аз уақыттың ішінде 10-15 килограмм салмақ жоғалтуы мүмкін. Сонымен қатар тез шаршағыштық, құлақ маңы бездерінің ісінуі, тамақтағы қарлығу, тітіркену сезімі, тісайналасындағы иектердің қа бынуы сияқ ты белгілер де байқалады. Бұл ауру көбіне Батыс елдерінде, қыз балаларда көп кездеседі.
− Жіктелуіне қарай булимия бірнеше сатыға бөлінеді. Бұл сатылар науқастың ағзаны тазарту әрекеттерінің, яғни құсық шақыру жиілігіне байланысты анықталады.
Жеңіл сатысында мұндай эпизодтар аптасына бір-екі рет қана байқалады. Орташа сатысында олар дың саны аптасына төрт-жеті ретке дейін жетуі мүмкін. Ал ауыр булимия кезінде адам аптасына сегізден он үш ретке дейін құсық шақыруы ықтимал. Ең соңғы сатысында бұл көрсеткіш аптасына 14 эпизодтан да асып кетеді.
Көп жағдайда науқас салмағын үнемі бақылауда ұстап, семіздіктің алдын алуға тырысады. Алайда дәл осы шамадан тыс бақылау кейде ашқарақтық ұстамаларына әкеледі. Мұндай кезде адам қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде тамақ жеп, кейін салмақ қоспау үшін құсық шақыратын дәрілерді қолдануға дейін барады, − дейді дәрігер.
Ұстамаға келетін болсақ, үнемі аш жүрген соң приступ та жиі болады. Осындай қиын кезде науқастардың 75 пайызында дәрігерге қаралмай, тәбетті төмендететін және аздыратын препараттарды қолданатын жағдайлар тіркелген.
-Ашқарақтық ұстамаларынан кейін науқас өзін «жазалау» мақса тында түрлі дәрілерді қолдануы мүмкін. Мұндай әрекеттер уақыт өте келе ағзадағы тепе-теңдікті бұзып, семіздікке әкелуі немесе адамның қысқа мерзімді эйфория сезімін бастан кешіруіне себеп болуы ықтимал.
Булимияға шалдыққан науқастарда бірқатар қосымша белгілер де байқалады. Олардың қатарында іш қату, бас ауруы, ауызда жағымсыз дәмнің пайда болуы, артериялық қан қысымының төмендеуі бар. Қыз балаларда етеккір циклінің бұзылуы жиі кездеседі.
Сонымен қатар терінің шамадан тыс құрғауы, шаштың көп түсуі, ісінулердің пайда болуы, мұрыннан қан кету сияқты белгілер де байқалуы мүмкін. Кей жағдайда саусақтың сыртқы бетінде тырналған тіс іздеріне ұқсас жарақаттар қалып қояды. Бұл медицинада Рассел белгісі деп аталады, − деп түсіндірді Сауле Каусова.
Булимияға шалдыққан науқасты дер кезінде анықтау оңай емес. Себебі көп жағдайда сырт көзге ешқандай айқын өзгеріс байқалмайды. Дене салмағы да қалыпты деңгейде болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бұл дертті көбіне науқаспен терең әңгімелесу, нақты сұрақтар қою арқылы ғана анықтайды.
Булимия кезінде адам ұзақ уақыт аш жүрудің салдарынан кенеттен ашқарақтық ұстамасына тап болады. Мұндай сәтте науқас қысқа уақыт ішінде шамадан тыс тамақтанып қояды. Ал анорексияда жағдай керісінше: адам әдейі тамақтанудан бас тартып, үнемі аш жүруге тырысады.
Булимияның анорексиядан негізгі айырмашы лығы да осында. Анорек сияға шалдыққан адамдарды көбіне сыртқы келбетінен – дене салмағының күрт азаюы мен көпшілік жерде тамақ танудан бас тартуынан байқауға болады. Ал булимия көбіне көзге бірден түсе бермейді.
Егер дәрігер науқастан булимия белгілерін анықтаса, ол міндетті түрде психологиялық көмекке жүгінуді ұсынады. Әдетте мұндай жағдайда психологтың бірнеше сеансынан өту ұсынылады, өйткені бұл дерт тек физикалық емес, психологиялық факторлармен де тығыз байланысты. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, соңғы онжылдықта мұндай дерттердің таралуы едәуір артқан.
Әлемдік деректер бойынша, тамақтану бұзылыс тарының жалпы көрсеткіші шамамен 3,5 пайыздан 7,8 пайызға дейін өскен.
Мамандар булимияның көбеюіне бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Соның бірі – әлеуметтік желілердегі «идеал дене» культі. Қазіргі жастардың өмірі түрлі платформалармен тығыз байланысты. Instagram, TikTok секілді желілерде таралатын суреттер мен видеолар көбіне мінсіз дене бітімін көрсетеді. Психологтардың айтуынша, мұндай контент жасөспірімдердің өз денесін өзгелермен салыстыруына әкеліп, сырт келбетіне деген қанағат танбаушылықты күшейтуі мүмкін.
Соның салдарынан кейбір жастар арық болуға ұмтылып, тамақтану тәртібін бұзуға дейін барады. Құрдастар арасындағы қысым мен буллинг те бұл мәселеден тыс емес.
Булимия, анорексия, компульсивті артық тамақтану секілді бұзылыстарға мән бермейміз. Десе де бұл мәселелер жай ғана тамақтану әдетінің бұзылуы емес, адамның психологиялық және физикалық саулығына тікелей қауіп төндіретін күрделі дерттер екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан мұндай жағдайларда тамақтануды шектеу немесе шамадан тыс бақылау емес, керісінше, теңгерімді әрі салауатты әдеттерге баулу маңызды. Бұл ағзаның да, психиканың да тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!