Қызылорда облысында азаматтардың 84,2% – ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған, бұл 691 423 адамды құрайды. Көрсеткіш бойынша аймақ үздік бестікте. (ҚР-82%). Дегенмен, әлі күнге дейін 130 045 тұрғын МӘМС жүйесінен тыс. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штаб отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

«Сақтандырылмаған азаматтар үлесінің 81 мыңға жуығы (62,1%) соңғы 12 айда төлем жасамағандар және әртүрлі мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың, ұйымдардың 33 мыңға жуық қызметкерінің төлемдері жоқ. Қалған сақтандырылмаған тұрғындар – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, дербес төлеушілер және басқа да санаттағы адамдар. Осыған байланысты, әкімдіктер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, өңірдегі мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС үшін жарналарды уақтылы және тұрақты төлеудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», – деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік кірістер департаментіне, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша Жол картасын орындау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, белсенді емес халықты БЖТ-ді үздіксіз төлем жасауға тартуды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер департаментіне МӘМС жарналары мен аударымдарын уақтылы төлеу бойынша тапсырмалар берілді. МӘМС үшін уақтылы төлем жасамаған мекемелерге қатысты ҚР Салық кодексінің талаптарына сәйкес айыппұл санкцияларын қолдану қажеттігі баса айтылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!