Бақыттың кілті – еңбекте. Иә, дұрыс айтылған сөз. Еңбек көркем іспен, шыдаммен келеді. Әрбір бала дүние есігін ашқан сәттен бақытты деп ойлаймын. Себебі, бала жүрегі –кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін бір адам ашуы қажет. Кілті кімде болса, баланың ықыласы сол адамға ауып тұрады. Менің сандығымның кілтін ең жақын адамым – атам ашқан. Өмірімде атамның орны ерекше. Себебі, атамды қатты жақсы көремін. Ол менің дүниеге келуімді қатты күтіпті.
Еңбек тақырыбына атамның тікелей қатысы бар. Себебі, атам мен үшін, болашағым үшін ерекше еңбектенген. Тәй-тәйлап қадам басқан кезімнен қазірге дейін еңсемді тік, бойымды түзу ұстап жүруіме себепкер – атам, оның адамгершілік тәрбиесі. Ол үйреткен тәрбиемен өз ойын бүкпей айтатын, еркін, адал боп өсіп келемін. Атам Абайдың сөздерін үнемі үлгі етіп айтып отырады. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген сөзі менің ұраныма айналып үлгерді. “Кішкентай кезіңнен бастап еңбектенсең ,өскенде мұратыңа жетесің” дейді атам.
Еңбек – мақсатқа қол жеткізу жолында күш-жігер алу, өзіңді жігерлендіру, жемісін көру арқылы отбасыңды қуанту, бақытты өмір сүруге үйретеді. Уақыттың өлшемі де – еңбек. Сөзімнің арасында ұстазым, ақылшым Абай Мықтыбаев атама алғысымды айтқым келеді. Оның берген тәрбиесінен жаңылмай, еңбекпен өз бақытымды табатын боламын…

Сезім АБАЕВА,
№ 258 негізгі мектептің 8-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!