Бұрымды арулар – сайыс төрінде. Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен инабатты, ибалы, талантты арулар арасында «Бұрымды ару-2023» байқауы өткізілді. Шараға ауыл жастары арасынан 8 талапкер бақ сынасқан.

«Мен – қазақтың қызымын», «Өнерімен сүйсінткен», «Өнерлінің қолы алтын»,  «Кешкі сән үлгісі» атты бөлімдер қамтылған шара аруларымыздың көркемдік талғамын қалыптастыру, инабаттылыққа тәрбиелеуді көздейді.

«Бұрымды деген бұрынғының ғана емес, бүгінгінің де үлгісі болу керек. Қазақылық қалпымыздан, түп тамырымыздан ажырамауымыз маңызды. Осындай ұлттық ұстанымдағы байқауларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Бүгінде халықты рухани қажеттілікпен қамтамасыз ету басты орында болу керек. Ол – мәдениетіміздің мәйегі» дейді мәдениет үйінің директоры Динара Ибадуллаева.

Шарада қатысушы Рүстемова Назым І орынды жеңіп алса, Зиябілова Дариға ІІ орынды еншіледі. Ал үздік үштіктің көшін түйіндеген Тасанова Саида ІІІ дәрежелі жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, сайыста өнерімен оза шапқан Бауыржанқызы Ұлжан «Өнерлі ару» номинациясын иеленсе, талантты жас Әбиева Балжан «Бұрымды ару» номинациясына қол жеткізді. «Көрермен көзайымы» номинациясын Қияс Айзере иеленді. Ал «Инабатты ару» номинациясы Тағайбек Динизаға бұйырды.

«Халқымыз қыз баланың тәлім-тәрбиесіне басымдық берген. Әрбір үйде «Қызға қырық үйден тыйым» деп, әркез үлгілі етіп отырады. Біздің үйде осы ұстаным бар. Ұл баланы үйдің иесі деп, қыз баланы қонақ деп сыйлаған. Әкем қаталдығымен, анам мейірімен тәрбиелеп келеді. Менің ең үлкен мақсатым – ата-анамның сенімін ақтау» дейді «Өнерлі ару» Ұлжан Бауыржанқызы.

Барлық қатысушы аруларға бағалы сыйлықта табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!