Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» көркем фильмі жарық көрді.
Режиссер Болат Қалымбетов «Мұқағали» фильмін жарыққа шығаруға он бес жыл уақыт дайындалыпты. Ақын жүректің әлеміне терең бойлап, жанын түсініп, оны қайта көрерменге ұсыну үшін осындай ұзақ уақыт ізденістің керегі заңды. Бұл жайында «Әбден пісіп-жетіліп, дайын болған күні жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке сценарийін жазуға өтініш білдірдім. Және фильм барысында жалғыз Мұқағали образы ғана емес, сонымен қатар Фариза Оңғарсынова, Лашын Әлімжанова, Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы сынды аты аңызға айналған ірі тұлғалардың да бейнесі сомдалған. Мәскеудегі оқуын тастап елге оралған ақын тағдырындағы ауыр да қайғылы кезеңдерді хадари-хәлімізше суреттеуге тырыстық» дейді режиссердің өзі бір сұхбатында. Бірақ фильмді көрген сәтте мына жағдайды ескеру керек, бұл ‒ Болат Қалымбетовтың танымындағы шығармашылық ізденіспен қалыптасқан Мұқағали. Ал әр қазақтың жүрегінде өз Мұқағалиі болады десек, фильм жайлы пікірлердің сан алуан болуы да қалыпты құбылыс.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында басталып, Санкт-Петербург және Алматы облысында жалғасқан. Картина ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
Жақында ғана көрерменге жол тартқан фильм жайлы әлеуметтік желілерде жарияланған көрермен сынының көп екенін байқадық. Бірақ фильмді бағалауда кәсіби сараптаудың маңызы ерекше. Сондықтан кинотанушы, Өнертану PhD докторы Гүлнәр Көбектің отандық прокатқа шыққан жаңа фильм жайлы кәсіби көзқарасына тоқталуды жөн көрдік.
«Фильмдегі теңеулер – ұтымды режиссерлік шешімдер. Осы арқылы режиссер Мұқағалидың ішкі күйінің арпалысын шебер суреттейді. Брежневтің дәліздегі суретін өртеп жібереді. Өз қайғысы ішінде күйіп тұрған ақынға саяси тұлғаның құны бір-ақ тұтам екенін көрсетеді.
Қызының аяқ киімінің тозып кеткен жұпыны күйіне күйінген әкенің күйі, жедел жәрдем көлігінің ішінде оның мәйітінің аяғын құшақтап қалған өкініші, жанының жанталасын шашылған алманың бейнесімен берген теңеуі де өткір.
Арбаға таңылған ұлын подьездің баспалдақтарынан жоғарғы қабатқа қарай шығаратын сәттегі қиналысы – Мұқағалиға әке ретінде қаншалықты ауыр соққы болса, мүгедек ұлының жарымжан денесін жуу ана ретінде Талшынға да адам төзгісіз сынақ.
Фильмде жүрекке жарқын күй сыйлайтын ерекше бір көрініс бар. Бұл Мұқағалидің үстіне тонын киіп алып, үйіне келген қонағына балаша қуанып, жер үстелін қолына ұстап алып жүгіріп, елпілдеп қалатын сәті. Дәл осы көріністе ақын жанына тән тазалықты көреміз. Көңілі жас баладай таза адамдардың өмірдің күрделі мәселелері туындағанда пендешілік жасауға ары жібермей, икемделе алмай қалып жатуының себебі де бәлкім осында.
Ақын болып жаратылған адамның психологиялық портретін жасап шығу оңай емес. Ол жүйке талшықтарын жүйелеп талдау сияқты күрделі процесс. Оның өміріндегі барлық фактілерді қамту да кейде мүмкін емес. Ең негізгісі, оны осы күйге түсірген басты себеп неде?! Күйзеліске түсуінің басты мотиві қайсы? Неге күйінді? Неден жиренді? Не итермеледі? Трагедиясы неде? Осы маңызды сұрақтардың жауабына апаратын оқиға желісінің бір тармағын тарқатып ашудың өзі көп нәрсе» дейді Гүлнәр Көбек.
Әдетте тарихи тұлғаның бейнесін ашу режиссермен қоса актердың шеберлігіне байланысты. Туындыда Мұқағалиды бейнелеу актер Асланбек Жанбалаевқа бұйырыпты. Бұл таңдауды, жаңа дүниені драматург Роза Мұқанова шығармашылық ортаны елеңдеткен ойлы туынды деп бағалайды: «Мұқағали роліндегі актер Асланбек Жанбалаевтың сыртқы пішіні мен ішкі құдіреті ғажап үйлесім тапқан. Режиссер үшін ең үлкен қиындық – көкейіндегі кейіпкердің оңай табыла қоймайтындығы. Тіпті кейде сценарий жазылып қойып, актерді іздеуге жылдар кетеді. Режиссер үшін кейіпкерді сомдайтын актердің кездесуі де бір олжа! А.Кончаловскийдің «Грех» фильмінде Микеланджелодан айнымайтын адам тауып алғанына соншалық шаттанғанын көріп қайран қалған едім. Алланың әмірі Микеланджелоның суретінен айнымай қалған ғой, мұрнының қисықтығына дейін дөп келген. Кейіпкерін тапқан режиссер көз жазбайды, сонарға шыққан қырандай аңдығанын алмай тынбайды. Болат Қалымбетов те қырағылықпен Алатаудың мұзбалағын Атыраудан тапқан екен. Ақынның жан дүниесіндегі буырқанған асау толқын, қалыпқа төзбейтін еркіндік, күресіп жеңе алмайтын шындық, жанарына күллі әлем сыйған ұлылық айқындалып, өнердің олжасына айналыпты. Күлкісінің өзі қандай мейірімге толы. Аңқау, адал, кемеңгер, періште жымиыс әп-сәтте көрініп, әп-сәтте көлеңкеленіп жоқ болады. Актердің нағыз шеберлігі дерсіз. Ажалмен күресіп жатып та жымыйғаны қалай дерсіз?
Сценарист, талантты жазушы досым Жүсіпбек Қорғасбек пен көрнекті режиссер Болат Қалымбеттің, оператор Едіге Нүсіпбековтың, суретші Ермек Өтегеновтың ортақ жұмысы «Мұқағали» көркем туындысының көкжиегіне ойлы сәуле шашыпты. Режиссер Мұқағали өмір сүрген ортаны да, қаланы да, дәуір келбетін де айнытпай сақтаған. Бесіктен белі шықпай жатып, ұлттық киноның қазанында әбден шыныққан актер Болаттың, режиссер Болаттың талай туындыларға жан бітіретін дер шағы» деп жазады.
Айтқандай-ақ фильмдегі әр көріністің астарлы мағынасы бар. Мәселен, фильмдегі Мұқағалидың қолында үнемі үш тал апельсин болады. Сондай-ақ фильмдегі толассыз жауын да себепсіз берілмеген. Бұл туралы сценарий авторы Жүсіпбек Қорғасбек келесідей жазады: «Апельсин – кеңес заманының символы. Ол уақытта базарда көп көкөніс, ағыл-тегіл өнім жоқ. Неғып екенін, жаңа жылда мерекенің символы ретінде дастарханға не мандарин, не апельсин қойылатын. Торт тұрады. Көп ештеңе жоқ басқа. Мейрамханаларға барсақ, жасы үлкен адамдар біледі, үш тал апельсин беретін дәстүр болатын. Бұл детальды Болат Қалымбетов өзі енгізді. Фильмнің басында да, ортасында да, аяғында да Мұқаңның қолында үш тал апельсин жүреді. Режиссердің өз шешімі». Тағы бір маңызды жайт, жазушы фильм сценарийын жазбас бұрын «Мұқағали» туралы повесть жазған. Бұл киносценарийді жазу алдындағы барлау жұмысы, кіріспе іспеттес болды дейді сценарий авторы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әр қазақ Мұқағалиды өз түйсігімен, өлеңдері арқылы санасына сақтап үлгерген. Сондықтан Болат Қалымбетовтың жаңа дүниесі жайлы кәсіби мамандар тарапынан айтылар ой да, сыни пікір де көп. Бірақ баға беру қашанда халықтың еншісінде…
Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!