Фото: Ашық дереккөзден алынды

Мәдениет және спорт министрлігі шетелдік туристер қандай өңірлерге жиі келетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Маңғыстау облысына 41 мыңнан астам шетелдік турист келген. Орташа алғанда, шетелден келген қонақтар Каспий теңізінің жағалауында 7-12 күн аралығында болған.

Сондай-ақ еліміздегі демалыс мерзімінің ұзақтығы бойынша алғашқы үштікке Алматы және Астана қалалары енді. 2022 жылы Алматыға 417 мыңнан астам шетелдік қонақ келді. Орташа алғанда туристер оңтүстік астанада 3-5 күн өткізген.
Былтыр Астанаға 238 мыңнан астам шетелдік турист келді. Елордада олар орта есеппен 2-3 күн болды.
Ал шетелден келген туристердің Қазақстанда саяхаттау мерзімінің орташа ұзақтығы 4 күнді құрайды.
«Сапардың ұзақтығы өңірдің туристік тартымдылығын көрсетеді. Маңғыстау облысының әлеуеті өте зор және біз оны толығымен іске асыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мамандарды даярлау және оқыту, туристік инфрақұрылым салу, жаңа тікелей авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шетелдіктер арасында сұраныс үлкен. Сол себепті елімізге келетін шетелдік туристердің санын арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!