Living Lab» – оқу орындарының кампусын жаңа бағытта дамытуды мақсат еткен бірегей конкурс.

Үздіктердің білімі мен қабілеті сынға түсетін бұл жоба аясында талай таланттың жаңа туындылары дүниеге келді. «CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған  тартысты байқауда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Темірлан Абжанов пен Ислам Жауынбай жеңімпаз атанды.

Байқауда білім алушылар «Bike Parking» жобасын таныстырып, 800 мың теңге грант иеленді. Тек қана университет кампусына ғана емес, қоршаған ортаға да пайдалы  «Bike Parking» енді студенттер үшін қолжетімді болмақ.

– «Bike Parking» – университетіміздің оқу ғимараты алдында велотұрақтарды қоюға бағытталған жоба. Бүгінде қалада велосипед айдайтын жастар көбейді, бірақ көліктің бұл түрін қауіпсіз орналастыру үлкен мәселе болатынын байқадық. Осы фактордың әсерінен денсаулыққа пайдалы, қоршаған ортаға зиянсыз транспорт түрін қолданудан бас тартатындар бар.

 Біз «Sustainability Living Lab» конкурсына қатысу арқылы университет инфрақұрылымының дамуына өз үлесімізді қосуды мақсат еттік. Алдағы уақытта университет ғимараттарының алдына 8 велотұрақ орналастыратын боламыз. Жоба студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, экологиялық тазалықты сақтауға септігін тигізеді, – дейді Темірлан Абжанов.

Конкурстың шарты бойынша оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 100-ден астам жоба келіп түскен. Соның ішінде 16 жоба үздік деп танылып, арнайы грант негізінде қолдау тапқан.

Темірлан Абжанов пен Ислам Жауынбай – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Business Start» инкубаторының резиденттері.Қазіргі уақытта жастар кәсіпкерлігі орталығында 40 студент тіркелген. Оқу орны тарапынан жас кәсіпкерлерге тиімді түрде жұмыс орны беріліп, жобаларына инвестор тарту бойынша қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір дәлелі жуырда ғана университет қабырғасындағы жас кәсіпкерлердің жобасы қаржылай қолдау тапты.

Елордада өткен «3.2.1. Старт» әлеуметтік жобасының жастар үшін жөні бөлек. Себебі байқауда 18-35 жас аралығындағы жастар БҰҰ-ның тұрақты мақсаттары бойынша өз жобаларын таныстырады. Жас кәсіпкерлердің бизнес идеялары білім беру, таза энергия, су, қоқысты қайта өңдеу мәселелерін шешуге бағытталған. Осындай ауқымды байқау алаңындаҚорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Business Start» инновациялық жобаларды іске асыру орталығының басшысы Жанарыс Түбекбаев пен студент Айдос Елшібек жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге иеленді. Олар байқауға «Қаржылық сауаттылықты дамыту платформасы» жобасын ұсынып, үздіктер арасынан іріктелген. Олай дейтініміз, сайысқа 300-ден аса өтініш келіп түсіп, нәтижесінде 40 жоба жартылай финалға өткен. Ал комиссия мүшелері сол жұмыстардың қатарынан ақтық сайысқа 10 жобаны іріктеп алған.

Айта кетейік, жоба 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін 15 жеңімпаз анықталып, жобаларын дамыту үшін қаржылай қолдау көрсетілген.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!