Бүгінгінің баласы туа сала демесек те, екі-үш жасынан-ақ смартфон cұрап, гаджеттен ажырамайды. Бірақ бұлшық етке жаттығу жасағандай ми да қозғалысқа зәру. Ал миға шабуыл ізденістен басталады. Сондықтан зерттеушілер баланы кішкентайынан шығармашылыққа баулуға, жаңаға құштар етуге кеңес береді. Президент пәрмен берген биылғы «Балалар жылында» бұл мәселе шет қалмады.
Берекелі жыл барша қазақстандық балалардың мерейін тасытты. Қызылордалық балақайлар үшін де тосын сыйға толы болды. Жыл көлемінде балалардың көңілін көтерген бастама аз болған жоқ. Соның ішінде «Balapan» телеарнасының «Сиқырлы тас», «Әл Фараби» мультсериалдары бойынша бояу кітапшаларының жарыққа шығуы оларды ерекше қуантты. Маңызды шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бала бақытты болса, отбасы бақытты, айнала бақытты, тұтас ел, ұлт бақытты екенін айтып, болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін жеткізді.
– Биылғы жылды Президент «Балалар жылы» деп жариялауы келешек иелеріне жасалған жақсылықтың бастауы болды. Бүгінгі игілікті іс те соның бірі. Балалар өзінің жеткізе алмаған сөзін сурет өнері арқылы айтады. «ASU» баспа үйі» дайындаған кітапшаларда сондай мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, балаларымыз екінші ұстаз Әбу Насыр әл Фараби бабамыз туралы мағлұмат алып, ұлы ойшылдың қанатты сөздерін көңіл зердесіне тоқиды. Кітапшада орналасқан QR белгісін сканерлеу арқылы екі мультсериалды да кез келген уақытта тамашалауына болады. Бұл ретте балаларға базарлық жасап отырған «ASU» баспа үйіне ризашылық білдіреміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев сөз алып, балаларға арналған бұл жобаның баспа саласында ширек ғасырдан аса тәжірибесі бар «ASU» баспа үйі» мен «Balapan» телеарнасының арасында жасалған келісім-шарт негізінде өмірге келгенін айтты. Өз жұмысын 1997 жылы кеңестік цензураға ілігіп, шаң басқан архивте қалған Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романын жарыққа шығарудан бастаған «ASU»-дың осы жолда тынбай еңбектеніп келе жатқанын жеткізді.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушысы Айнұр Қарамұрзаева да балалардың болашағына бей-жай қарамайтын зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп игі жұмыстар атқаруға әрқашан қуанышты екенін жасырмады.
Қазіргі технологиялық өзгерістер кезеңінде баланың танымы, қызығушылығы басқаша. Соны дөп басу, айтулы жылда ой-қиялды ұштайтын, адамгершілік болмысын қалыптастыратын жаңаша бастаманы қолға алу балаларға үлкен сый болғаны анық.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!