Шілденің шіліңгір ыстығы көпті әбігерге салғаны белгілі. Облыс аумағында күндіз сынап бағаны +45-ке көтеріліп, аптап ыстық мазаны алды. Әсіресе, жүрек қан тамыры ауруына шалдыққан адамдар үшін дәрігерлер сақ болуға дабыл қақты. Өткен демалыс күндері күн тиіп ауырғандардың саны күрт көбейген. Мұндай ыстық алдағы күндері сақталуы мүмкін бе? Синоптиктердің болжамы қандай?

– Күннің қазіргі ыстығын аномалия дей алмаймыз. Дегенмен жоғары температура сақталып отыр. Тамыз айының 12-не дейін түнгі мезгілде 24-25 градус болса, күндіз 35-37, кей жерлерде 39 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай ауа температурасы 2 аптаға дейін сақталады. Тамыздың ортасынан бастап күн райы салқындап, аздап ала бұлтты болады. 3-тамызда күн күркіреп, нөсерлі жауын жаууы мүмкін, – деді жауапты мамандар.
Күннің ысығаны науқас адамдар үшін оңай соқпайтыны анық. Өткен аптаның ыстығында облыстық жедел жәрдем бекетіне бір күн ішінде мыңнан аса қоңырау түскен. Оның ішінде дәрігер көмегіне жүгінгендер баршылық. Дәрігерлердің айтуынша, күн көзінде көп жүрсеңіз немесе қапырық ауада қалып қойсаңыз, күн өтуі әбден мүмкін.

Бұл әсіресе, ыстыққа төзімсіз адамдарда жиі орын алады. Сәйкесінше күн өткізбейтін ашық түсті киімдер киген жөн. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға да көп көңіл бөлу керек. Өйткені, дәрігерлердің кеңесі бойынша мұндай ауа райында тамақтану өте маңызды. Әсіресе, жеміс-жидектер, көкөністер, сүт тағамдардарын тұтынған жөн. Керісінше ет өнімдерінен бас тарту керек.
– Әлсіздік, бас айналу, естен танып қалу, құсу, дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, бас ауыру, тері қабатының қызаруы – бұлардың барлығы күн өтудің белгілері. Бұл әсіресе, жас жеткіншектер мен жасы егде тартқан қарияларға, жүрегі ауыратын жандарға өте қауіпті. Сондықтан ұзақ уақыт күн астында қалып қоюдан сақтану керек. Көбірек су пайдаланып, ішімдіктен аулақ болған жөн. Тағы да айта кететін жайт, күн астында ұйықтап қалмау керек. Күн өткен жағдайда дәрігерлердің көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, оған дәрігердің кеңестері міндетті түрде қажет болады, – дейді қалалық жедел жәрдем дәрігері Наргиз Шаухаева.
Тұрғындар аптап ыстықта көшеге шықпауды жөн көреді. Шыға қалса көлеңке жағалап, салқын сусын ішуге әуес бұл күндері су жағалаған тұрғындар көп. Бала-шаға суға шомылып мәз-мейрам. «Біз үшін шілденің шіліңгір ыстығы қауіпті емес. Біз осы жазды асыға күттік» дейді балалар.
Ал несібесін қара жерден тапқан диқандар күннің қызғанын құптайды. Өйткені өңірде өсетін күріш, бақша дақылдарының пісуі үшін күннен мол қуат қажет екенін алға тартады.
– Биыл ауа-райы шаруалар үшін өте қолайлы болып тұр. Ерте көктемнен бастап күн күркіреп, егінге жайлы болды. Иә, әр мезгілдің өз ерекшелегі бар. Жазда табиғаттың құбылысына орай ыстық болуы тиіс. Бұл қала тұрғындары үшін жайсыз болуы мүмкін. Бірақ диқандар үшін күннің қызғаны маңызды. Мысалы, қарапайым бақша өнімдері күннің көзін өте жақсы көреді. Өткен аптада болған қатты ыстықтар біраз өнімді жинап алуға септігін тигізді. Соның арқасында қала халқы дәрі қосылмаған таза бақша өнімін пайдаланып отыр. Бидайға да биыл орақ ерте түсті. Енді тамыздан бастап күрішке көңіл бөлеміз, – дейді диқан Асылбек Жүнісов.
Расында биыл күн райы жанға жайлы болып тұр. Жаздың өткінші ыстығы болмаса, жылдағыдан ерекшелік байқалады. Мұны Сенатор Мұрат Мұхамедов «Байқоңыр» ғарыш айлағымен байланыс­тырды.
– Ауа-райының биыл күрт өзгергенін Сыр жұртшылығы байқады деп ойлаймын. Оның бір себебі – Байқоңырдағы зымырандардың ғарышқа ұшпауы. Біріншіден, әрбір зымыран ұша салысымен кемінде төрт-бес күн бойы ауа райы бұзылып, қатты жел тұрады. Ол жел оңтүстүгі Жаңақорған, солтүстігі Аралдан асып Ырғызға дейін барады. Көктем айларында ылғалды болған жерлерде жақсы шыққан шөпті және жерді осы үздіксіз соққан жел кептіріп жібереді. Бұл мал мен егін шаруашылығына зардабын тигізіп жатқан қалыпты құбылысқа айналған еді, – дейді Сенатор.
Жалпы шілдедегі ыстық тек елімізде ғана емес, Еуропа халықтарын да әбігерге салуда. Кәрі құрлықтың бірқатар елінде күн ысып, орман өрті көбейген. Франция, Испанияда ауа температурасы 40 градусқа жеткен. Ауа-райын бақылаушылар жақын күндері аптап ыстық Германия мен Италияға да жетеді деп отыр. Францияның орталық бөліктерінде де ыстық. Сынап бағанасы 40 градусты көрсетіп тұр. Мұндай ауа-райы бірнеше күнге жалғасады. Күннің шыжуы салдарынан құрғақшылық белең алуы мүмкін дейді мамандар. Ал жергілікті ауа-райы сарапшысы Оливье Прустың пікірінше, күннің осыншама қатты ысуы – жаһандық жылыну құбылысының белгісі екен.
– Мұндай құбылыс жиі қайталануы мүмкін. Бұған адам факторы себеп. Соңғы уақыттарда ғаламдық жылыну құбылысының белгілері айқын біліне бастады, – дейді ауа райы сарапшысы.
Ыстық ауа температурасы тамыз айының ортасына дейін сақталады. Қысқасы, синоптиктер облыс аумағында әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сәйкес 40 градустан асатын аптап ыстық болмайды деп сендірді. Ал көптің тілегі аптаптың бетінің қайтуы, жаңбырдың жиі жауып, ауаның тазаруы. Себебі «Тағы 40-50 жылдан соң қазақ жері шөлге айналып, еліміздің басым бөлігі қуаңшылыққа ұшырайды» деген Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбайдың пікірі көңілге алаң салады.
Ғалымның пайымдауынша, арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы көрсеткендей, соңғы жылдары ғаламдық жылыну көрсеткіші айтарлықтай артқан. Бұл ғылымда және қоғамдық пікірде дәлелденген факт. Мәселен, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағында жоғарыда келтіргеніміздей, термометр бағамы 38-50 градусты көрсеткен ыстық жиі қайталанып отыр. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де теріс ықпалын тигізуде. Себебі 2019 жылғы қуаңшылық әсерінен астық дақылдарының түсімі күрт кеміп, жайылымдарда шөп нашар өскен.Аталған қуаңшылық жағдайлардың әсері Қазақстанның шөл және шөлейтті аймақтарында өте күшті болады деп күтіледі. Климаттың өзгеруі тұщы су тапшылығын туындатып, аптап ыстықтың әсерінен орман өрті көбейеді. Қуаңшылықтың кесірінен түрлі әлеуметтік қиындықтар пайда болып, оның соңы жануарлар мен адам шығынына және айтарлықтай экономикалық дағдарысқа алып келмек деген болжам бар.
Бұл ретте ғалым «Қуаңшылықты болдырмаудың және оның қолайсыз әсерін азайтудың қарапайым екі жолы бар. Біріншіден, атмосферадағы көмірқышқыл газдарының арақатынасын дұрыс сақтап, экологиялық дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін мұнай өнімдері мен көмірді жағу мөлшерін азайтып, баламалы энергияны көбірек пайдалану керек. Екіншіден, Қазақстан аумағында емен, арша, акация, бозарша, үйеңкі, каштан, жиде, қарағаш, терек сияқты ағаштарды көптеп өсіру керек. Бұл өскіндер күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жасайды» деген ұсыныс айтады.

Ерасыл ШӘРІБЕК