Қазір қалтасында смартфоны бардың барлығы видео түсіріп, әлеуметтік желіде өз контентін ұсына алады. Алайда видео түсіру бір бөлек, оны монтаждау, сценарий құру, режиссура – бүгінгі күні трендте тұрған мобилография мамандығының маңызды құрылымы, тәй-тәй басқанына көп болмаған жеткіншек саланың жетістігі.

Жақында Қызылорда қаласында мобилографтардың «Менің қалам» республикалық фестивалі өтті. Фестиваль кезінде «мобилографияның атасы» атанған қазақстандық жас режиссер, «Kyran Films» компаниясының негізін қалаушы, мобилограф Қыран Талапбекпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Қыран, Нью-Йорк фильм академиясында режиссураны оқысаңыз да, елге оралып, бұрын естіп-білмеген жаңа саланы дамыттыңыз. Мобилографияға қалай келдіңіз?
– Мектеп бітірген соң режиссура саласын таңдағым келетінін түсіндім. Шамамен осыдан он шақты жыл бұрын ғой. Оны естіген туыстарым, тіпті, әкем де қарсы болды. «Оны қайтесің, одан да медицинаны таңда», «Заңгер бол» дейтін. Әрине, екінің бірі бара бермейтін, көпке бейтаныс мамандық болған соң болашағымды ойлап қорыққан болар. Нью-Йорк академиясынан бұрын, 11 сыныпты бітірерде Түркия мем­леке­тінен режис­сураны оқытатын университет таптым. Осылайша Түркияға аттандық. Ештеңеге қарамастан өзім қалаған мамандыққа тапсырдым. Сол кезде маған қолдау көрсеткен, сенім білдірген анам еді. Мектептегі соңғы жылымда маған дрон құрылғысын алып берген де – анам. Ол кезде Алматыда ондай құрылғы ешкімде жоқ. Енді ғана шығып жатқан кезі әрі бағасы да қымбаттау. Алайда анам менің қалауымды қолдау үшін өзінің басқа мақсатқа жинаған ақшасына сатып алып берді. Сол күні іштей өзіме «қалайда видео түсіру арқылы ақша таба алатынымды дәлелдеймін» деп уәде бердім. Жаз бойы тойларды түсіріп, дронның құнын шығарып алдым. Кейін Түркияда жүрген кезде де мобилография арқылы ақша тауып, оқуымды, қажеттілігімді өзім қамтамасыз етіп жүрдім.
Ал Нью-Йоркте жүргенде сол жердегі әлемдік брендтерден, компаниялардан тапсырыс түсе бастады. Жақсы жұмыс істей бастадым, жақсы өмір сүрдім. Өзім армандайтын көліктердің түр-түрін міндім. Бірақ шетелде сені іздеп, жоқтайтын адамың жоқ, елің жоқ, бешбармағымен күтіп отыратын отбасың жоқ. Жалпы «тек қана шетелде мықты бола аласың» деген жалған түсінік. Мықты кадр, өзінің ісін сүйетін, сауатты маман кез келген елде жоғарыға шығады. Нью-Йоркте қалуға болар еді. Онсызда Америкада қазақтар жеткілікті. Елге оралып, мобилографияны, режиссураны өзіміз осы жерде дамытайық, дамудың эпицентрі болайық деген ой болды. Мақсатымызға жетіп келеміз, шүкір.
– Мықты мобилографтың басты қаруы не?
– Мықты фотограф не видеограф болу үшін ең алдымен еркіндік қажет. Менің той түсірмейтін себебім де – осы. Тойда қатып қалған сценарий бар, өз идеяңды іске асыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Toyota Camry, Lexus автокөліктері туралы, басқа бағыттағы түсірген жарнамалық роликтерімнің сәтті шығуы – жұмыс барысында абсолютті шығармашылық еркіндіктің болуында.
Қазір 60 000-ға жуық шәкіртіміз бар. Біз бұл салада толығымен ойын ережесін өзгерттік. Нарықты да өзгерттік. Қазақстандық маркетинг, Instagram, Tik-Tok желілері видео-контентке мұқтаж. Сол үшін қоғам мобилографтарға тәуелді. Орта және кіші бизнес өкілдері мобилография саласын меңгеруге көшті. «Kyran Films» ұжымының мүшесі көбейе түсті. Біз тек Қазақстанды емес, шетелді бағындырдық. Оқушыларымыз Дубай, Ташкент, Мәскеу, Сеул, Стамбул сияқты қалаларға көшіп, нарықтың алдыңғы сапта тұрған компанияларында қызмет атқаруда. Мыңдаған адам жаңа саланың көмегімен өз өмірін жақсы бағытқа өзгертті. Бір нәрсені естен шығармау керек: Майкл Джексон музыканы ойлап тапқан жоқ, Мұхаммед Әли боксты ойлап тапқан жоқ және біз де мобилографияны шығарған жоқпыз. Бірақ біздің команда осы тұлғалар секілді өз ісінің ең мықтысы болу үшін тоқтамай жұмыс істеуде. Бастысы сол.
– Ең ұзақ түсірген жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Естен кетпейтін, ең ұзақ жасалған туынды – Lexus көлігінің жарнамалық ролигі. Әлемдік брендтен тапсырыс қабылдаған соң Қазақстанның көбісі біле бермейтін, ерекше табиғатын көрсете отырып, бір минуттық видеоролик жасадық. Оны Америкада, Лондонда, жалпы Еуропада көрсетеді. Алматы, Маңғыстау өңірінен, Бозжырадан арнайы кадрлар алынды. Қарапайым телефонға түсірілген бір минуттық видеоны дайындауға бір ай уақыт кетті. Бір апта түсірілім жұмыстары жүрді. Ең қызығы – түсірілім кезінде бір апта бойы машинада қонып, тамақтандық. Нәтижесі өзіміздің де, тапсырыс берушінің де көңілінен шықты. Қазақстанның табиғаты әдемі естелік ретінде жарнамалық видеода сақталып қалды.
– Қызылордада алғаш рет өткізіліп жатқан республикалық фестиваль несімен ерекше?
– Шынымды айтсам, Қызылордада республикалық фестиваль өткізу туралы ой жиі келетін. Кез келген салада міндетті түрде бір мықты қызылордалықты көруге болады. Тіпті, бұған таңданысымды жасыра алмаймын. Мысалы, біздің командада Дубайды фэшн видеолары арқылы бағындырған Әбу бар.
Облыс көлемінде байқау ұйымдастырылып, оған 70-тен аса қатысушыдан 100-ден аса видео келді. «Менің қалам» деген мерекелік тақырыптың өзі ерекше. Қатысушылар қала күніне орай Қызылорда туралы креативті бейнероликтер түсіріп, бақ сынасты. Үздік шыққан үштікті анықтадық. Алайда байқауға келген өзге де туындыларға тарихи бояу жетіспеген сияқты. Сыр өңірі тарихымен ерекше екенін ескеру қажет. Қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқанын естігенде қуанып қалдық. Әкімдік тарапынан маңызды саланы, жастарды қолдау керек-ақ.
Фестиваль өткізу туралы ұсыныс айтып, шараны басынан аяғына дейін ұйымдастырған «Qosyl» қалалық жастар ресурс­тық орталығына да алғыс айта­мын. Нәтижесінде қаланың әдемі видеолар базасы жаңарды, кәсіпкерлер жас мобилограф­тармен танысып, оларға вакансия ұсынды. Қызылордада мобилографтар­дың ортасы қалыптасып келеді. Айналамызға, өмірге басқа ракурстан қарауды үйрететін мобилографтарға қолдау білдірсек, жастардың пікірін тыңдап, еркіндігін шектемесек, елдің болашағына сенім артуға болады.
– Сұқбат үшін рақмет, Қыран!

Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!