Мұқтаж жанға қамқорлық жасау – игі іс. Десек те қоғамда қайырымдылықтың аражігін ажырату қиын мәселеге айналды. Оның бір дәлелі – дүкендегі садақа жәшігі. Қала орталығындағы кез келген сауда орындарын жағалай қалсақ, әрбірінде тізбектелген жәшіктерді кезіктіреміз. Одан бөлек «науқастардың еміне» деген желеумен ақылы шаралардың саны да бүгінде күрт өскен. Қамқорлықпен жасалған істің нәтижесі түп-төркініне жетсе құба-құп. Бірақ кейбірі діттеген жеріне жетпей, халықтың жиған тергені талан-таражға ұласқан. Қайырымды істің қайырын кім көріп жатыр? Тақырыпты тарқатып көрсек.

Статистиканы сөйлетсек, жылына еліміздің 17 аймағында 2 мыңға жуық қайырымдылық шаралар ұйымдастырылса, оған 2 миллионнан астам адам белсенділік танытып, қаражат жинауға атсалысатын көрінеді. Қызылорда облысы 17 аймақтың арасында қайырымдылыққа белсенді атсалысатын өңірдің бірі екені анықталып отыр. Соның бір айғағы – шілдедегі шаралар.
21 шілдеде 7 мың көрерменді бір мезетте сыйдыратын Ғ.Мұратбаев орталық стадионында ауқымды концерт ұйымдастырылды. Стадион лық толы болмаса да 3 мың көрермен Мирас Жүгінісов, Қаракесек, Садраддин секілді жұлдыздарды тамашалуға келді. Шараның негізгі мақсаты – сырқаттанып жатқан балалардың еміне қаражат жинау. Шаһар­дағы белсенді блогер­лердің бастамасы­мен өткен концерт ұйым­дасты­рылу­шы­лар­дың ойындағыдай бол­маған.
– Бло­гер болған соң көмек сұрайтын мұқтаж азаматтар көп. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда хаттар толастамайды. Әсіресе, денсаулық жағдайына байланысты келетін өтініштер жетерлік. Әріптестермен ойласып, қайырымдылық концерт ұйымдастыруға бекіндік. Шара барысында тәжірибе жетіспеушілігі байқалды. Көптеген қиындықтарға тап болдық. Қайырымды іс болған соң көмек қолын созатындар көп болатын шығар деп ойладық. Жалға алу, әншілердің қаламақысы секілді дүниелерде жеңілдік болған жоқ. Жағдайды жеткізсек те түсінгісі келмеді. Мысалы, орталық стадионның 1 күндік жалға алу құны 1 млн 200 мың теңге болды. Қайырымдылық шараға бұл қымбат баға. Десек те, кейбір кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, билеттердің сатылымына қол ұшын берді. Сондай қолдаудың арқасында 2 сәбидің еміне қаражат жинап бердік, – дейді ұйымдастырушылар.
Шараны ұйымдастырушылардан қанша қаражат жиналғанын білмек болып, сұрау салғанымызда нақты жауап ала алмадық. Бастысы, жиналған ақша екі науқастың еміне теңдей бөлініп берілгенін білдік.

Блиц сауалнама:

Ардақ Жұмаханқызы:
– Мәселенің көтерілгеніне біраз жыл болды. Бірақ өзгеріс байқалмайды. Кәсіпкерлеріміз “қазақшылыққа” салынып, қайырымдылық жасау қажет деген түсініктен арылмай отыр.

Жасұлан Болатбекұлы:
– Бұл мәселені қозғай кетсең, ақталуға дайын азаматтар көп, оның үстіне жауаптары да жауыр болған.

Сыргүл Молдраймова:
– Кез келген жерге жәшік қою күмәнді шынында.

Аралбек Боранбаев:
– Тиым салатын заң керек!

Рахия Абуова:
– «Гагариндегі» «Мейрамбек» дүкенінде «Зекет» қайырымдылық қоры деп жазылып тұр екен. Көрген жердің бәрінде салып жүремін. Садақамен жұртты алдамайтын шығар деп ойлаймын.
Жорабек Жүніс:
– Кейде бұл алаяқтар­дың наны, тірлігі.


Хош, қайырымдылықтың барлығы бірдей емес. Кейбірінің шикілігі байқалады. Тіпті бүгінде жақсы істі жамылып, қосымша қаражат табатын алаяқтар көбейген. Оған дәлел «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қорының атынан ақша жиналушылар. Александр Хван есімді азамат онкологиялық дертке ұшыраған балалар үшін деп қаладағы кеңселерді аралап, ақша жинағаны бұған дейін анықталды. Құзырлы органдар алаяқты дер кезінде тоқтатқан. Ал қордың жетекшісі Аружан Саин қоғамда алаяқтар өзекті мәселеге айналғанын жеткізді.
Мемлекет елімізді қайыршылар еліне айналдырып алмаудың алдын алып, көшеде қайыр сұрауға тыйым салған заң шығарғаны бар емес пе?! Заңмен мәселе шешімін таппаған сыңайлы. Бүгінде қайыршылықтың мәдениетті түрі белең алды. Олар көшеде қол жайып жүрмейді, қайырымдылық жәшігін құшақтап немесе сауда орындарына жәшігін қалдырып, өзгенің жоғын түгендеп, мұңын мұңдап жүргендердің кейпіне еніп, сенімге кірген. Жалпы қоғамның пікірін білмек болып, әлемжеліде сауалнама жүргізген едік. Қатысушылардың жартысынан көбі дүкендердегі жәшікті жою керек екенін алға тартты.
Айта кетейік, сауда орындарында кең тараған «Ақмешіт Қожа Ахмет Яссауи» қайырымдылық мекемесіне тиесілі жәшігінде көрсетілген байланыс телефонына қоңырау шалғанда қызық жайтқа тап болдық. Көрсетілген нөмір өшірулі. Жауапты мамандардың айтуынша, қайырымдылық жәшіктерінің егесінде қайырымдылық қорлары болмауы да мүмкін екен. Яғни, алаяқтардың оңай олжа ретінде пайдаланып жүруі де ғажап емес. Сол себепті оған қатаң бақылау орнатылуы тиіс. Қым-қуыт тіршілікте қиналған жанға жиналған қаржы қамқор болса дейміз. Әйтпесе, шын мұқтаждар алаяқтардың арбауына түсіп, шетте қалып жатқан сыңайлы…

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!