Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында республикалық ауған соғысы ардагерлері ұйымдары Орталық Кеңесінің ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған конференциясы өтті.

Жиынға еліміздің барлық өңірлеріндегі ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының өкілдері қатысып, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан барша қазақстандықтарды біріктіретін және елдің баянды болашағына берік іргетас қалайтын басты құндылықтарды сақтау мен кейінгі ұрпаққа дәріптеу турасында ой бөлісті. Олар қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болып жатқанын тілге тиек етіп, кейінгі ұрпақты Отанды сүюге, қазақ елінде туып-өскендерін мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуде ортақ мүделлі екеніндіктерін алға тартты.

Жиында «QAZAQSTAN ARDAGERLERI» ассосациясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл сөз алып, Қазақстанның тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, рухани-экономикалық өркендеуі, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен терезесі тең, дәулетті елдермен бірдей қарым – қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – мемлекеттің Тәуелсіздігінде екенін атап өтті.

«Біз үшін Тәуелсіздік – ең қастерлі ұғым. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, бірлік және өркендеу – біздің асыл мұраттарымыз. Оған қол жеткізуде ардагерлеріміздің рөлі мен қызметі айрықша маңызға ие. Сондықтан, елдегі барлық ардагерлер ұйымдары ұлтқа қызмет етудің ұлағатты үлгісіне айналып, ізгілікті істің бір үйлестіруші орталығына айналуға тиіс. Орталық кеңестің бүгінгі конференциясы біздің бәрімізді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдырып, жігерлендіріп, ілгері жетелей түсері сөзсіз»,-дейді Бақытбек Смағұл.

Жиында сондай-ақ, ардегерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы ортақ мәселелер де сөз болып, талқыға салынды. Атап өтейік, Ауғанстандағы соғысқа 22 259 қазақстандық қатысса, олардың 800-ге жуығы Сыр өңірінен. Бүгінде өңірде Ауған соғысының 600 – ге жуық ардагері бар.