2008 жылы қабылданған салық кодексі Президент Жолдауынан кейін тағы да өзгеріске ұшырады. Жаңа Жолдаудан соң елімізде салық салудың жаңа идеологиясы қалыптасады деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты экономикалық өсу нақты, болжамды салық саясатына тікелей байланысты екенін айтты.
Хош, келер жылы салық реформасы жаңа кезеңге аяқ басады. Президент Жолдауындағы салық саясатының ұтымды тұсы – «сән салтанат салығы», бір сөзбен айтсақ «байлық салығы». Бұл – қымбат жылжымайтын мүлік, көлік сатып алу үшін алынады. Күнкөрістің қамымен жүрген «орта тапқа» жаңа салық әсер етпейді. Сондықтан “байлық салығының” ел үшін тигізер оң пайдасы көп. Мұны сарапшылардың өзі құптайды.
– Бұл үлкен серпіліс деп есептеймін. Президенттің жаңа бастамасы үлкен мәселенің шешімі деп қарауға болады. Өйткені мемлекет басшысы соңғы 20 жылдағы реформалар кейбір азаматтардың еншісі үшін жасалғанын баса айтты, – деді Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Қуат Акижанов.
Үкімет Президент пәрменінен кейін байлық салығын енгізуде Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-ты мысалға алып, зерттеп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы Үкімет қаулысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
– Байлық салығын енгізу бойынша бірнеше елдің тәжірибесі бар. Біз оның бәрін қарастырып жатырмыз. Атап айтсақ, дамыған Франция мемле­кеті де бар. Одан кейін Еуропалық Одаққа мүше бірнеше елдің мысалдарын да назарға алудамыз. Сондай-ақ АҚШ-тың тәжіри­бесі бар. Осының барлы­ғын сүзгіден өткізіп, қорытынды шығарамыз, – деді министр.
Елдегі ауқаттылардың салықтан жалтару үшін айла қарастыратынын қарапайым халық жақсы біледі. Десе де бұл мәселеге министр төтесінен жауап қатты. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ауқаттылар мүлігін өзгенің атына жазғызбайды деген болжам айтты.
Экономист Айман Тұрсынхан байлық салығының бюджетке тигізер үлесі көп дейді.
– Әлемде мүліктің қандай мақсатта қолданылып жатқанына қарай, оған салынатын салық мөлшерін әртүрлі бекіту тәжірибесі бұрыннан бар. Мысалы, Нью-Йоркте жүргізілген Блумберг реформасын алайық. Бұл реформаға жекеменшік үй, жер учаскесі немесе жай ғана отбасылық шаруашылық сияқты мүлік иелері кіреді. Мысалы, отбасында бірнеше адам болса, үй көлемін олардың әрқайсысына бөлгенде 56 шаршы метрден аспаса, бұл мүлік салықтан босатылады. Ал аталған шаршы метрден асатын мүлікке нарықтағы бағасына сай салық салынады. Яғни, табысы аздар шектеулі, ал байлар көбірек салық төлейді. Өйткені бір бай адамның отыз пәтері болуы мүмкін.
Тұрмысы төмендердің мүлік салығы бойынша жүктемесін азайтып, табысы жоғары азаматтардың салық төлемдерін қалай арттыру керегін есептеп көрдік. Мүлік салығы шикізаттан басқа көздерден жиналатын төлемдердің бір пайызына да жетпейді. Ал кедейлер мен байларға әртүрлі салық белгіленсе, бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін артады. Бұл бюджетті толықтыруға жақсы мүмкіндік, – деді экономист.
Президент өз Жолдауында автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталды. Аталған мәселе де қоғам арасында қызу талқыда жүргені жасырын емес. Мәселе мемлекет басшысының да назарын аудартты. Расында, жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер түйінді. Заң аясынан шығып, заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда батыл шешімдер қабылдады.
1 қыркүйекке дейін елге келген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу үшін заңдастыруға біршама жеңілдіктер қарастырды. Заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуға нұсқау берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша 2019 жылдың басынан 2022 жылғы шілдеге дейін 121 829 автомобиль уақытша әкелу шартымен Қазақстан аумағына кірді. Бұл былтыр ресми диллерлер сатқан көлік санынан (117 590 дана) сәл көп… Сондықтан елге заңсыз келген көліктердің барлығы ресми құжат алғысы келеді. Дегенмен барлығына бірдей қазақстандық нөмір берілуі екіталай.
– Президент Қазақстанда шетелдік машиналарды тіркеуді ұсынып отыр, бірақ бұл шара қалай жүзеге асатыны, қазір қолданыстағы кейбір ережемен қалай үйлесетіні белгісіз. Мысалы, біздің елде оң рөлді және Еуро-4 стандартына сай келмейтін көліктер бастапқы тіркеуге қойылмайды, – дейді «Аuto ray» көлік қызметінің жетекшісі Айдос Жүнісов.
Утиль алымы мәселесіне байланысты қозғалыстың жетекшісі, белсенді Нұраддин Садықов та Президент бастамасына орай пікір білдіріп, Мемлекет басшысының ұсынысы ресейлік және армениялық көліктерге байланысты екенін жеткізді.
– Тіркелетін көліктердің барлығы техникалық регламентке сай болуы қажет деген талап айтылды. Сондай-ақ криминалдық тарихы болмауы керек. Жалған құжат пен егіз нөмірмен жүргендер де бұл жеңілдікке ілікпейді. Демек, бұл жеңілдік шамамен 100 мың көліктің ғана шаруасын жеңілдетеді. Жалпы елдегі көлік тапшылығы проблемасын шешпейді, – дейді ол.
Автомобиль бизнесі қауымдастығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елде криминалдық тарихы бар, техникалық регламентке сай келмейтін көліктер көбейіп кеткендіктен нарықты тазалау, көлік әкелуді заңдастыру өте маңызды. Жалпы салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау бүгінде маңызды шаруаға айналды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да сөз етті. Әрине салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты. Президенттің тапсырмасына сәйкес енді кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар кәсіпкерлік аясында да салыққа қатысты қолдауға ие болады. Экономистер Президенттің салық дифференциациясы болуы керек деген пайымына толықтай келіседі. Өйткені салық мөлшерлемесінің дифференциясы – инфляцияны ұстап тұру тетігінің бірі. Осы тұста Қазақстанды көршілес Ресеймен салыстырып көрейік. Оларда қосымша құн салығының базалық мөлшерлемесі – 18 пайыз. Бірақ ауыл шаруашылық тауарларына (шикізат, өнім және өңделген өнім) небәрі – 8 пайыз. Бізде бәріне бірдей 12 пайыз салық салынады. Оған қоса шынайы секторға берілетін несие мөлшерлемесі –25 пайыз. Бәрін қосқанда 37 пайыз шығады. Осыдан бәсекеге қабілетсіз болып отырғандай күй кешетініміз ақиқат. Сол себепті кәсіпорындар бірінен кейін бірі жабылып жатқаны түсінікті. Мұны экономист Айман Тұрсынхан растап отыр.
– Әлеуметтік мемлекетке айналып, халықты қымбатшылықпен қысуды қойғымыз келсе, азық-түлік өнімдеріне, бірінші қажеттілік тауарларына, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерге және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық тарифтеріне қосымша құн салығын алып тастау керек, – дейді ол.
Қорыта айсақ, Жолдауда баяндалған салық саясатының әділетті қоғам қалыптастыруына септігін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен Президенттің салыққа қатысты пәрмені толығымен жүзеге асырылуы әзірге беймәлім. Себебі сарапшылар әлі де жаңа кодекстің елде заңды болуын саралап жатыр.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!