Осыған дейін талай рет тартысқа түсіп, көпшілік талқысына айналған әйелдердің зейнетке шығу жасы заңмен нақтыланды. Енді елімізде әйел адамдар 61 жаста зейнетке шығады. Сондай-ақ заң жобасы аясында бала күтімі бойынша берілетін төлем мен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ұлғайту мәселесі де қаралды. Осы орайда жаңа қаулыға қатысты халық пікірі екіге бөлінді. Бірі аталған бастаманы қолдаса, енді бірі үлкендердің денсаулығына алаңдаулы.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында депутаттар заңның әлеуметтік блогына түзетулер енгізді. Нәтижесінде әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы 61 жас деңгейінде бекітіліп, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еседен 55 есеге дейін ұлғайтылатын болды. Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен,
асыраушысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемнен шегерім мөлшерін 55 еседен азайту мәселесі де қаралған. ЕТЖ өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін азайтуды болдырмау мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-на дейін зерделенді.
Қазіргі таңда әйел адамдардың денсаулығы сын көтереді деуге келмейтіні рас. Себебі ауылдық жерде тұратын, үй шарушылығымен қоса бала тәрбиесіне жауапты әйел адамдарға мемлекеттік қызметке үлгеру де оңай дүние емес. Оған кейбір өңірлердегі экологиялық жағдайды қосқанда тақырыптың күрделене түсетіні де рас. Алайда депутаттардың айтар өз уәжі бар.
− Әйелдердің зейнет жасын 58-ден 61 жасқа ұлғайтудың бірнеше себебі бар. Алдын ала зерттеулерге сәйкес, елдегі азаматшалардың денсаулық жағдайы бір болған. Біз осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге бірнеше талқылаулар жүргіздік. Әлі де бес жыл ішінде зейнетке шығу жасын ұлғайтудың тиімділігін зерттейтін боламыз. Егер бес жыл ішінде әйел адамдардың денсаулығы өте нашар болса, бәлкім азайтуымыз мүмкін. Бүгінде елімізде екі миллионнан аса зейнеткер бар, жыл сайын жүз мың адам осы қатарға қосылады. Оның елу пайызы әйел азаматтар. Зерделеп қарайтын болсақ, ауылдық жерлерде тұратын әйел адамдардың көбінде жұмыс пен білімі жоқ. Олар ертең зейнетке шыққанда қандай мөлшерде төлем алады? Егер қазіргідей өзгертулер болмаса, оның зейнетақысы 20-30 мыңнан аспайды. Дәл осы мақсатпен зейнетақыны кезең-кезеңімен өсіру бюджетте қарастырылып жатыр. Ең бастысы, әйел адамдардың бес баламен 53 жаста зейнетке шығу мүмкіндігі сақталады, − дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова.
Бүгінде еліміздегі зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 109 224 теңгені құраса, 8 ай ішінде төленген зейнетақы мөлшері 1,9 трлн теңгеден асқан. Мұның өзі зейнетке шығу жасына тікелей әсер етеді дейді мамандар.
Өткен аптада қабылданған шешім тек үлкендерге қатысты емес. Енді 35 жасқа дейінгі кез келген қазақстандықты жастар санатына жатқызуға болады. Бұл жөнінде депутат Жәмилә Нұрманбетова «Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шеңберін 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, оптимизмді, ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін нығайтуға мүмкіндік береді. «Жастардың әлеуметтік қызметтері» және «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымдары нақтыланады» деді Мәжіліс отырысында. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, осы қаулының нәтижесінде жастар үшін мемлекеттен берілетін мүмкіндіктер көбейіп, баспана бағдарламалары қолжетімді болады және жеңілдетілген несие де жиі берілмек.
− Аталған тақырыптарға мемлекеттегі қаржы жағдайы әсер етуде. 1998 жылдан бастап зейнетақы қорына еңбекақының он пайызы бөлініп отырды. Қазіргі кезде әйел адамдардың зейнетақы қорында қаржы жинақталып, ұлғайтуы үшін мемлекет осындай шешім шығарып отыр. Жастардың жасын ұлғайту мәселесі де осы тақырыппен байланысты. Егер жастар әлеуметтік көмек алып, жұмысқа тұра алса зейнетақы қорына молырақ қаржы жинай алады. Бүгінде 35 жасқа ұзарту нәтижесінде жастар саны алты миллионнан асып отыр, − дейді экономист Ләззат Жанмолдаева.
Алайда зейнетақы мөлшері көбейген сайын қымбатшылық та қарқын алып барады. Осы ретте жағымды жаңалықтарды талқылаумен қатар тұрғындардың пікірі де ойландырмай қоймайды.
− Әйелдердің басым көпшілігі елу жасқа келгенде бірнеше диагнозбен есепте тұрады. Әсіресе, ауылдық жердегі бала күтіміне қарап, үй шаруасымен қатар жұмыс жасайтын аналарға қиын. Сондықтан ауылдық жерлерде жұмыс істейтін әйел адамдарды жұмыс орнына, бейнетіне қарай зейнетке ерте шығаруы дұрыс деп ойлаймын. Қара шаруаға жегілген әйелдерді мемлекет қинамауы қажет. Онсызда қазіргідей қымбатшылық жайлаған қоғамда әзер күн көріп жүрген әйелдер аз емес, − дейді Нұрсұлу Амандосқызы.
Әзірге Үкіметтің айтары осы. Ал бес жылдықтағы әйелдердің денсаулық жағдайы болашақтың еншісіне қалдырылды.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!