Бұрын біреудің туған күні бола қалса «қандай сыйлық береміз?» деп ойланатынбыз. Осыдан 10 жыл бұрын сыйлықтардың сұраныстағы түрі қол сағат, иіс су, әмиян сынды таңдаудан тұратын. Бүгінде оған бас қатырмайсыз. Техниканың дамыған тұсында сыйлық табу қиынға соқпайды. Әлеуметтік желі арқылы әртүрлі өнімге жарнама бар. Көз жауын алатын дүниелер кәсіпкерлердің өз қолынан шығады. Мәселен, әшекей бұйымдар. Картинамен қуантатындар да бар. Оның үстіне қазір олар ерекше дизайнда дайындалады.

Дыбысталған картинаға енді ғана сұраныс артты.  Оның ерекшелігі дыбысты есту үшін астындағы QR-кодты телефонның каме­расымен түсіру керек. Сол кезде кар­тинаға енгі­зілген музы­каны тың­дай аласыз. Байқағанымыздай, бұл кәсіп Ақтөбеде белең алған. Сыр өңірінде енді ғана қолданысқа енуде. Кәдімгі картинадан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірақ ішінде керемет құнды дүниелер сақталған. Өз қалауыңыз бойынша ұнаған әуенді енгізе аласыз. Айфон арқылы қарапайым камераны ашып, тыңдауға мүмкіндік қарастырылған. Ал андроидтарда qrscanner қосымшасы арқылы осы мүмкіндіктер жүзеге асады. Картинаны дайындауға екі немесесе үш күн уақыт кетеді.

– Маған бұл картина бір көргеннен ұнады. Қалай да қол жеткізуді ойладым. Әрі-бері қаладан шығып қалар деген үмітте болдым. Десе де таба алмадым. Осылайша басқа қалаға тапсырыс беріп, «Қазпошта» АҚ арқылы алдырдым. Көңілімнен шыққан соң жақындарыма сыйлық жасай бастадым. Өзіңе ұнайды-ау деген видео мен музы­каларды жүк­тет­тім. Менен көріп достарым да, таныстарым да сұрап алып жатты. Біз жас болған соң тренд­тен қалмауды қалаймыз. Кімде әдемі дүние бар, кім не нәрсемен әуестенеді соның барлығын біліп отырамыз. Сондықтан қатарымнан қалғым келмейді, – дейді әлеуметтік желі арқылы тапсырыс берген тұтынушы Әсел Тұрғанбай.

«Сатып алынған зат қайта қабылданбайды» дейді көп сауда орындары. Десе де тренд картина көңілден шықпаса қайтарып беруге әбден болады. Бұл Әсел атап өткендей, өздеріне сенімді кәсіп иелерінің ғана қолынан келері анық. Жаңа тренд сәннен қалмақ емес.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!