Жаңақорғанда ат-әбзелдерін жасайтын ұста тапшы. Сыр өңіріндегі жылқының жартысы осы ауданда болғандықтан әбзелдерге деген сұраныс өте жоғары. Оның үстіне ат спортынан облыс құрамасының толықтай дерлік құрамын жаңақорғандық жігіттер құрайды. Сондықтан сәйгүлік баптап, оның жабдықтарын жасау өнері таптырмайтын кәсіпке айналды.

Бесарықта тұратын Байкісі есімді жас шебер ата кәсіпті серік етіп, бүгінде шағын шеберханасын бизнес көзіне айналдырып отыр. Тұрғындар талғамына сай жасалып жатқан әбзелдерді көзбен көру үшін тау етегіндегі ауылға бет алдық.

Қазақта «аттан айырылсаң да, ер-тоқымнан айырылма» деген аталы сөз бар. Осының өзі кешегі көшпелі қазақ халқының ат-әбзелдеріне деген құрметін көрсетеді. Өйткені әбзелдерді тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатқа орай пайдаланып отырған. Жүйрік ат, алтын жалатылған ер-тұрман, сұлу жар – ер-азаматтың ажары деген сөз осыдан қалса керек. ХХІ ғасырда техника қарыштап дамыса да, ат әбзелдеріне сұраныс азайған емес. Әсіресе бүгінгі кейіпкеріміз Байкісі Айдаштың шеберханасына келетіндердің қарасы қалың.

– 2019 жылы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, Қытайдан арнайы құрал-жабдықтар алдырдым. Жалпы жылқының жабдығын жасау үшін кейде бір айдан да астам уақыт кетеді. Ер-тұрман, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерін жасай беремін. Тапсырысқа сай жұмыс жасаймын. Заманға сай ат-әбзелдерін жасау кәсібін қолға алғаныма 10 жылдан асты. Әкеден қалған кәсіпті кәдеге жаратып, былтыр қайтарымсыз грант ұтып алдым, – деді ол.

Жалпы қазақ халқының өмірінде ағаштан жасалатын үй және тұрмыстық бұйымдардың алатын орны ерекше. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Сол себепті ат әбзелдері қазақ үшін құнды бұйым. Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Соңғы жылдарда аудандағы ат спортының дамуы көңіл қуантады. Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген жаңақорғандық жігіттердің жеңісіне қазақ елі куә. Байкісіге ауыл-ауылдан тапсырыс көп түседі екен. Бізге әбзелдердің бағасын білу қызық болды.

– Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың теңге болса, жүген 15 мың, тартпа 10 мың, осылай кете береді. Әбзелдерді екпе талдан жасаймыз. Бұл ағаш бізде өседі, тек Өзбекстаннан жіп, былғары алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, – деді кейіпкеріміз Байкісі.

Ер-тұрман жасайтын адамды ерші дейді. Ершілердің ер-тұрманды жасау әдісі әртүрлі. Ердің ағаштан жасалған негізгі бөлігін сүйегі деп атайды. Ағаш тапшы жерлерде ердің сүйегін бірнеше бөліктен қиюластырып, құрап, желімдеп жасайды. Оны «құранды ер» деп атайды. Сол сияқты жуан ағаш діңгекті екіге жарып, әр бөлігінен ер сүйегін тұтас шауып шығуға да болады. Құранды ер жасауға қайың ағашының безі өте қолайлы екен. Өйткені ол өте берік әрі жарылып шытынамайды, қаңсымайды, өңделген кезде ағаштың табиғи өрнектері ашыла түсіп, өте әдемі болады.

Байкісі көктем-жаз айларында көбіне уақытты шаруашылық жұмыстарына арнайды. Күз бен қыста тапсырыс көп түсетін көрінеді. Өйткені көкпарға елдің оңтүстік өңірі көбіне күз бен көктем айларында шабады екен. Әзірге әкесі екеуі шағын кәсіпке дем беріп келеді. Алдағы уақытта цех жұмысын ұлғайтып, қосымша қызметкерлер алу ойында барын жасырмады. Қазірдің өзінде ауыл жастары үйренуге ниет білдіріп жатыр екен.

– Қазір ат әбзелдерін жасау технологиясы дамыған уақыт. Бәсеке де бар, сондықтан өзге өңірлерде сапа мен нарық айтарлықтай рөл ойнайды. Байкісінің жасаған бұйымдарына біздің көңіліміз толады. Бағасы да қолжетімді, ол әлі жас, шыңдала түсуі керек. Бабадан келе жатқан кәсіпке дем беріп, заманға сай икемдеп жатқан оның қызметіне көңілім толады, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен облыстың аға жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.

Қарап тұрсақ, бір ерді жасауға қаншама күш, уақыт кетеді екен, ал толық әбзелдерді жасау шынымен шыдамдылық пен ұзақ уақытты қажет етеді. Байкісінің күні-түні адал еңбегінен осыны көрдік.

Роллан БІРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!