Расында, әу бастағы мақсатымыз кітап дүкендерін жарнамалау немесе мәселе іздеу болмағаны белгілі. Бар болғаны қызылордалық жастар үшін қалада кітап сату орындары жеткілікті ме, соны назарға алуға тырысқанбыз. Сол ниетпен жүрген жерімізде «жастар қайтадан кітап оқып жүр, олар телефоннан жалыға бастады» деген сүйіншіні көп естідік. Іштей марқайып, мәз болып қалғанымызды несіне жасырайық?!

Ата мұра: баспа бағасы тұрақты

Қала тұрғындары үшін Әйтеке би көшесінде орналасқан «Мұстафа Шоқай» кітап үйі жақсы таныс. «Ата мұра» корпорациясына қарайтын бұл орталыққа келушілердің қарасы қалың. Басым көпшілігі жаңа оқу жылына дайындықты бастаған ата-аналар мен балалар. Айтпақшы, біздің замандастарымыз да мұнда жиі келеді екен. Бұл тақырыпта кітап үйінің иесі Еркін Маженовпен тілдескенмізде, жастардың қызығушылығына тағы бір мәрте сүйсіндік. 

‒ Осыдан 7-8 жыл  бұрын телефон өмірімізге әбден ене бастаған тұста жастар бізге келмей қалды. Көбісі «электронды кітап тұрғанда, кітап дүкеніне барып не істеймін?» деп ойлағаны рас. Сол кезде тек зейнеткерлер ғана кітап іздейтін. Соңғы үш-төрт жылда жағдай өзгерді. Дүкенге жастар жиі келеді, қазақ тілінен бөлек орысша, ағылшынша тіпті түрік, италян тілдеріндегі кітапты да сұрап жатыр. Меніңше, жастар интернеттен шаршады, телефоннан да жалықты. Онысы дұрыс, қазір кинотеатрға бұрынғыдай бара алмайсың, сонда бар қызық тек кітапта болғаны ғой… Жастар іздеген кітаптарға жиі тапсырыс береміз. Медицина, техника саласы бойынша кітаптар табу қиындау, ал қалған салалар бойынша кітаптың түр-түрін табуға болады. Қазір оқырмандар жеткізу қызметін сұрайтын болды, оған да жайлап үйрендік. Бұрын ондай дәстүр  жоқ еді, қазір аудандарда да жеткізу қызметін қарастырдық, ‒ дейді мекеме иесі.

Еркін Маженовтың айтуынша, қазір шетел әдебиетінде Дейл Карнегидің, Орхан Памуктың аударма кітаптары, ал қазақ авторларынан Мирас Кесебаевтың «Ағылшын тілін екі айда үйрен» кітабы үлкен сұранысқа ие екен. Ал тарихи кітаптардан «Қан мен тер», «Арпалыс», «Сақтар» кітабы оқырман сұранысы бойынша екі тілде жарық көрген. Осы тұста жастар үшін кітап бағасының да маңызды фактор екені рас. Сол үшін кітап бағасын сұрауды да ұмытпадық.

‒ Ең біріншіден кітап дүкені «Ата мұра» баспасының оқулықтарымен қамтамасыз етілген. Оқулықтардың бәрі баспа бағасымен сатылады, үстіне бір тиын қосылмайды. Мысалы, мың теңгеге бағаланған кітапты жеткізу жолы бар, жанармайы бар, салығы бар, бәрі есептеледі. Бірақ қай өңірде алып қарасаңыз да, бір бағамен сатылады. Сол үшін халық бізге жиі алғыс айтады.

Одан бөлек кітап дүкені барлық баспамен байланыс орнатқан. Алматының өзінде 60 жуық баспа бар, бірақ кейде оқырманның сұрауы бойынша жақын шетелдерге де тапсырыс береміз. Ескере кететін жайт, басқа баспалардың кітаптарын сату кезінде бағада айырмашылық болады. Себебі кітапты сату кезінде жоғарыда айтылған мекеме қажеттіліктері ескеріледі, – дейді Е.Маженов.

Расында сөредегі қазақ авторларын түгел қамтыған «Ата мұра» баспасының кітаптары 800-1200 теңге аралығында екен. Ал басқа баспа кітаптары тақырыбына қарай әртүрлі бағаланған.        

KitapAl: қазақ авторларын сұрайтын оқырмандарға қуана-қуана қызмет көрсетеміз

 Қала орталығынан жуырда ғана ашылған «Kitapal» дүкенінде шамамен 3000-ға жуық кітап бар. Алматыдағы «Kitapal» кітап дүкенінің қаладағы франшизасы түрлі жанрдағы: қазақ тіліндегі әдеби шығармалар, әлем классикасы, психология, мотивация, әлемдік заманауи мелодраммалар, фантастика, мистика жанрындағы, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттерді түгел қамтыған. Айта кетейік, бұл кітап дүкені де Әйтеке би көшесінде орналасқан. Кітап дүкенімен жайлап танысқан соң, мекеме қызметкері Ажар Сағиқызымен кітаптардың сапасы турасында әңгіме өрбіттік: 

‒ Соңғы кезде басылған аударма кітаптардың сапасы, мазмұны өте жақсы. Бұрын маған кітаптарды түпнұсқадан оқыған ұнайтын, өйткені аударманы түсіну біраз уақытқа дейін қиын болды. Ал қазір керісінше аудармаларды еш кедергісіз оқи беремін. Мысалы, жақында Хэл Элродтың «Магия утра» кітабын орыс және қазақ тіліндегі нұсқасынан оқыдым. Қазақшасы өте керемет, тіпті мазмұны ағылшын тіліне жақынырақ деп айтар едім. Құдды бір түпнұсқадан оқығандай боласың, ‒ дейді А.Сағиқызы.

Мұндағы кітап бағасына да ерекше назар аудардық. Мотивациялық, психологиялық кітаптардың өзге басылымдарға қарағанда бағасы сәл жоғары. Орташа бағасы 2500-3000 теңге аралығында. Ажардың айтуынша, бұл қалыпты жағдай, өйткені қай қалада болсын осы кітаптар үлкен сұраныста. Ал қазақ авторларының кітабы орташа бағамен ‒ 1500 теңге.

‒ Орталыққа жастар жиі келеді. Студенттер, оқушылар да бас сұғып тұрады. Жастар көбіне психологиялық, мотивациялық кітаптарды сұрайды, ал оқушылар фантазия мен мистиканы жақсы көреді. Қазақ авторларын сұрайтын оқырмандарға қуана-қуана қызмет көрсетеміз. Қазақ әдебиетіне қызығушылық барын білгенде жүрегім жылып қалады. Өйткені қазақ шығармаларын оқитын жастар салыстырмалы түрде әлі де аз. Қазір «Қасым» баспасынан шығатын Бердібек Соқпақбаевтың, Шерхан Мұртазаның, Зейнеп Ахметованың кітабы жоғары сұранысқа ие. Өйткені бұл кітаптардың мұқабасы тартымды, көлемі де шағын. Кейде мотивация іздеп келген жастарға да қазақ әдебиетін оқуға кеңес береміз. Өйткені психология мен мотивацияның төресі осы кітаптарда. Әзірге діни кітаптарды сатуға әкімшілік тарапынан рұқсат берілмеген. Бірақ жастар осы тақырыптағы кітаптарды жиі сұрайды. Алдағы уақытта қаладан тағы бір кітап дүкені ашылуы мүмкін, сол кезде діни тақырыптағы басылымдар сатылатын болады, ‒ дейді А.Сағиқызы.

«Kitapal» дүкенін аралап жүріп, қаржы, бизнес, спорт саласында жетістікке жеткен адамдардың үздік кітаптары жинақталғанын байқадық. Таңғы сағат 10.00-нан кешкі сағат 10.00-ға дейін демалыссыз жұмыс істейтін кітап дүкені жеткізу қызметін де жолға қойған. Өзіндік әдемі атмосферасы қалыптасқан орталықта кофехана да қызмет көрсетеді екен.  

P.S. Қалада біз барған «Ата мұра», «Kitapal» дүкенінен бөлек, «Асыл мұра» кітап дүкені де жұмыс істейді. Алайда кітап дүкенінің иесі орталық жайлы ақпарат беруден бас тартқан соң, бұл жайында ешнәрсе жазбадық.  Әзірге кітап іздеген жастар үшін біз айтқан кітап дүкендерінің есігі айқара ашық.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ,

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!