Бүгін Әбдірахман Маханбетұлының 90 жылдық мерейтойында «Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы. Бәрі де бір Алланың ісі…» кітабының тұсауы кесілді. Кітап авторы, ишанның шөпшегі Нұрасыл Жасұланұлы кітапты жұртшылыққа таныстырып, ишан өмірі жайлы зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Кітап тұсауын ишанның немерелері Әбдірахман Маханбетұлы мен Бекмат Маханбетұлы кесті. 

Кітап 5 бөлімнен тұрады. Кітапқа Қадырқұл ишанның өмірі жайлы зерттеулер, тың деректер, абыз-ақсақалдардың әңгімелері мен ыстық естеліктері жазылған. 

«Жер басып жүрген әр адам өзінің өткен тарихынан хабар болуға тиіс. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзінің кімнен тарағанын, ата-балалары мен әулеті қандай болғанын біліп өсуі керек. Сонда ғана бала тектілікті сезініп, ту көтереді.

«Өткенге салауат, болашаққа аманат»– Бекмат атамның басты ұраны. Атам екеуіміз кітапты болашақ ұрпақ үшін жазып, әулет мұрасы ретінде қалдырып отырмыз. Әр әулеттен ақ қағаз бетіне қара сиямен түскен кішігірім тарих пен із қалуы тиіс деп есептеймін. Бұл еңбекті жалғастыру болашақтың еншісінде», – деді  Нұрасыл Жасұланұлы.

Кітаптың алғы сөзінде жазушы, алаштанушы-ғалым, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай өз пікірін қалдырған.  

«Әр ұрпақ өз ата тегін, бәйтерек шежіресін біліп өскені керек. Кешегі солақай саясаттың кесірінен талай абыз ишандарымыз, данагөй ақсақал, қарияларымыз зорлықтың құрбаны болып кете барды. Олармен бірге халық ауыз әдебиетінің небір шежірелі тарихы, ұлы дала мектебінің рухани бай мәдениеті кетті. Өкінішті-ақ!

Артында қалған жас ұрпаққа не істемек керек? Әрине, асылдан қалған ұнтақ болғасын аманат арқалайсың, қолыңда бармен ертеңгі ұрпаққа қалдырар мұра болса, тауып беру, мәуелі бәйтеректің сынған жерін бүтіндеу, бүршік атуына себепкер болу керек-ті. 

Автордың «Өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзінің кімнен тарағанын, ата-бабалары мен әулеті қандай болғанын біліп өсуі керек. Сонда ғана бала тектілікті сезініп, ту көтереді» дегендей,  Қадырқұл ишанды қағаз бетіне түсіру арқылы аманатқа адал бола білді деп есептеймін. 

Сайын далада еркін жүріп білім қуған, санаулы ғұмырын бала оқытуға жұмсаған жақсының аты өлмейді. Тағылымды тағдыр жолы үрім-бұтағына, бізге де өнеге. Әр әулет ата тегін түгендеп, асылдардың атын шығара берсе, жаман болмаспыз. Қадырқұл ишанның есімі қайта жаңғырды, ұрпағымен табысты. Ендігі міндет жоғын түгендеп, насихаттап, дәріптеу. Ұрпақ еншісіндегі ақ аманатты адал орындауға жазсын!», – деді Елдос Тоқтарбай. 

Автор кітаптың электронды нұсқасын өзінің «Жақаң жолымен…» телеграм арнасына жүктеген. Бұл жинақ ишан ғұмырын білуге ұмтылған әр зерттеуге жол сілтер құрал болып табылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!