Достық үйінің мәжіліс залында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық Ақсақалдар кеңесінің алғашқы кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыстың модераторы – облыс әкімінің орынбасары Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы болды. Осы іс-шарада облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Аймағымызда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылып, құрамы жергілікті қоғамдастықтардың ақсақалдарынан, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдерінен, сондай-ақ қоғамдық пікірдің басқа да көшбасшыларынан құралды.

«Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тарту мақсатында  жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің, ассамблея жастарының орны ерекше. Ал, жаңадан жасақталған Ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық», – деп айтты Н. Сақтағанов.

Сондай-ақ жаңа кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы кеңестің төрағалығына қоғам қайраткері Ерманов Нұрмұрат Наятұлы, төраға орынбасарлығына ғалым, философия ғылымдарының докторы Қожамберлиев Баймырза Қожамберліұлы сайланды.

Облыстық Ақсақалдар кеңесінің қызметі республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің бекіткен Ережеге сәйкес аймақтың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталатын болады.

Отырыс соңында жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы жоспарлар айқындалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!