“Тәуелсіздік бұл – аманат. Ата-бабамыздың сан ғасырдан бері аңсаған арманына қиянат жасауға еш құқығымыз жоқ. Тәуелсіздіктің мәртебесін асқақтату – біздің еншіміздегі жауапты іс. Еліміздің тұғырлы тәуелсіздігін таныту үшін ерік-жігерімізді аямай, барымызды салуымыз қажет. Ойлаған ойыңды іске асыру үшін жастарға мүмкіндіктер аламаны толығымен қарастырылған. Сондықтан да, тәуелсіздік құсының мәңгілік тұрақтап қалуына бәріміз атсалысуымыз керек”, – дейді “Тәуелсіздік қарлығаштары” айдарының кезекті кейіпкері –
Ерлан Сипанов.
Ол 1991 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Бүгінде Ерлан Аманкелдіұлы “Жайдарман” арқылы танылған жастың бірі. Егізі – Нұрлан Сипанов та өнерден құралақан емес.
“КВН”, “Жайдарман” әзіл-сықақ театрының артистері көпшілікке танымал. Әнші де, асаба да осылар. Солардың бірі – Ерлан. Бүгінде ол “Егіздер құрамасы” командасын құрды. Олар республикалық “Жайдарман” жоғары лигасында өнер көрсетуде. Сөйтіп қызылордалық егіздерді бір арнаға біріктіруде.
– Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай деп тілеймін, – дейді Ерлан бізбен әңгімесінде.
Ол бүгінде облыстық жастар ресурстық орталығында жастар шығармашылығы және бұқаралық спортты дамыту бөлімінде жұмыс істейді.
– Патриотизм – ол алдымен өзінің елін, жерін, ұлтын, ана тілін кез келген ортада мақтан тұту және мақтана айту. Халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеу, содан соң отбасы құндылығын үнемі есте сақтау. Осы негізгі “тіреуіштер” дұрыс қаланса, бала міндетті түрде патриот болып өседі. Патриотизмді – даладан немесе қаладан яки болмаса, сыртқы келбеттен іздеудің қажеті жоқ. Патриотизм – кез келген азаматтың жүрегінде болу керек. Сонда ғана еліміз еш кедергісіз дамитын болады, – дейді Ерлан Аманкелдіұлы.
“Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек”, – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат мақаласында.
“Еліміз тәуелсіздік бесігінде тербелгелі – 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Енді елдің мәртебесін асқақтату біздің азаматтық борышымыз”, – дейді кейіпкеріміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!