Таңшолпан Маратқызы көбінде қоғамдық істердің басы-қасында жүреді.  Оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ойға алған идеясын жүзеге асырмай тынбайды. Бұл қабілет ата-анасынан берілген. Бұл да оның өзгелерге деген жанашырлығы болса керек Ол көп салалы “Ұлағат” Қызылорда колледжінде заңгер, “Ақмешіт” гуманитарлық-техникалық  институтында «Құқықтану» мамандығында білім алған. Қызылорда облысы Әділет басқармасында Жастар практикасымен 6 ай тәжірибеден өтіп, Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының қабылдау бөлімінде инспектор, Қызылорда қалалық сотының  іс жүргізу инспектор, Қызылорда қалалық сотының курьері болып жұмыс істеді. Бүгінде қалалық №2 соты кеңсесінің жетекші маманы.

Тәуелсізікті ардатау әрбір жастың парызы. Осы орайда редакция ұжымы “Тәуелсіздік қарлығаштары” рубрикасын қолға алды. Бұл жолғы кейіпкеріміз  – Таңшолпан Алтынбаева Тәуелсіздік туралы лебізін білдірді.

– Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін.

Патриот дегенді әркім әрқалай түсінеді. Елге пайдасын тигізу үшін тау қопармаса да, кішкене іс арқылы патриоттықты аңғартуға, сездіруге болады деген ойдамын. Ал кейіпкеріміз патриоттықты елге деген жанашырлық деп ұғынады.  “Патриот –  өз Отанына адал, Отанын сүйетін, қызмет ететін, жанын құрбан етуге дайын, басқа ұлттар мен ұлыстарға кеңпейілділікпен қарайтын адам деп бағалаймын. Олар үшін құрметім шексіз”, – дейді ол.

Шүкір бүгінде бейбіт өмір сүріп келеміз. Ата-бабамыздың арқасында ешкімге алақан жаймаймыз, тәуелді емеспіз. Өзгенің айтқанын істеп, айдауында жүрген жоқпыз. Жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азамат Тәуелсіздіктің қадірін түсінеді. Ата-бабамыздың ерлігін жоғары бағалайды, оларды қастерлейді.

– Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Егемендігін алған еліміздің өз Президенті ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Қазіргі таңда еліміздің тұғырлы тәуелсіздігін таныту үшін барлық ерік жігерімізді аямау қажет. Өйткені біз жаспыз және біздің барлық жағдайымыз жасалған. Ойлаған ойыңды іске асыру үшін мүмкіндіктер аламаны толығымен қарастырылған. Сондықтан да тәуелсіздік құсының мәңгілік тұрақтап қалуы сіз бен бізге байланысты. Әлем елдерімен керегесі кең, терезесі тең болу үшін қолдан келгенше аянбай еңбектенуіміз қажет, – дейді кейіпкеріміз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!