«Қызылорда жастар» театры өнерімен көпті мойындата алатын дәрежеге жеткені жасырын емес. Көрерменге сапалы дүние ұсынып жүрген ұжымда мықты өнерпаздар жетерлік. Соның бірі – Тоғжан Дастанқызы. Театр өз алдына шаңырақ көтергелі бері жуырда жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» психологиялық драмасын сахналады. Күрделі туындының басты рөлін дәл осы біз әңгімелескен Тоғжан ойнап шыққан болатын. Осы орайда жас актрисамен сұхбаттасып, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

– Әңгімені туған топырағыңыздан бастасақ, қай жерде дүниеге келдіңіз, қайда білім алдыңыз?

– Мен Шиелі ауданында туғанмын. Сол жердегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №219 қазақ орта мектебін тәмамдап, 2014 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінеи грантқа оқуға түстім. Дегенмен оқыған мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті болатын. Бұл мамандық та өнер секілді жаныма жақын. 2018 жылы оқу ордасын қызыл дипломмен аяқтадым. Содан соң 2018-2020 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Филология» мамандығы бойынша магистратурада оқыдым.

– Өнер де бақ тәрізді, біреуге ерте, біреуге кеш келіп жатады. Театр сахнасындағы жол қай кезден басталды?

– Театр әлеміне ең алғаш 3 курс оқып жүргенде келдім. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті жанынан Т.Ахтанов атындағы драма театрдың режиссері Елтай Кемал «Кемал» театр студиясын құрды. Студия университеттің Жастар сарайында орналасқан. Сол жерде хореграф, вокал бойынша сабақ беретін мамандармен жұмыс істедік. Театр өнеріне қызығатын, қабілеті бар университет студенттерінің арасында кастинг өткізіліп, 80-ге жуық студент қатысты. Ақыры студияға 25 студент іріктеліп алынды, арасында мен де болдым. Ең алғаш театр әлеміне аяқ басуыма себепші, қолдаушы болған ұстазым Елтай Кемал деп айтар едім.

– Қаламыздың «Қызылорда жастар» театры шығармашылық потенциалды қажет ететін мықты ортаға айналып үлгерді. Бұл ұжымға қалай қабылдандыңыз?

– Жалпы, театр сахнасында жүргеніме 7 жылға жуық уақыт болыпты. Қалалық «Жастар» театрына 2020 жылы жұмысқа қабылдандым. Ақтөбедегі «Кемал» театрында жүргенде «Өмір-өзен» спектаклінде ең алғаш көпшілік алдында сахнада өнер көрсеткен едім. Мен үшін әуелгі үлкен тәжірибе сол болды. Оның алдында тек ән айтып сахнаға шығып жүргенмін. Мектеп қабырғасында Шиелідегі музыкалық мектепте 5 жыл вокалдан сабақ алғаным бар.

Ал маған алғаш рет басты рөлде ойнау бақытын осы «Жастар» театры сыйлады. Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Отырардың жасыны» атты тарихи драмасында Әбудің сүйген ғашығы Айымжанды сомдап шықтым. Осы ретте шығармашылық жолымда үлкен мүмкіндіктер берген Оңталап Нұрмаханов ұстазыма көп алғыс айтамын. Ұстазымның арқасында театр әлемінің қыр-сырымен одан әрі терең таныстым, үйрендім, білім алдым. Қазір театр өнерінде жеткен жетістіктерім болса, ол да ағайымның сенімінің, қолдауының, берген білімінің арқасында екені сөзсіз.

– Кейбір даңқты өнер шеберлері театр сахнасында мыңдаған қойылымда ойнағаны белгілі. Ал сіз шығармашылық жолыңызда қанша қойылымда ойнап үлгердіңіз?

– Алдағы өнер жолымыз әлі де ұзақ екеніне сенемін. Әзірге оншақты қойылымның басты рөлдерін сомдадым. Кейінгісі Төлен Әбдіктің әйгілі «Оң қол» психологиялық драмасы. Бұдан бөлек С.Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары» қойылымында көпшілік сахнада, Оңталап Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» атты қойылымында Тоғжан бейнесінде, Қ.Түменбайдың екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевқа арналған «Екі бала-екі шал» қойылымында көпшілік сахна мен хатшы қыздың бейнесінде, Ж.Ермановтың өмірі мен өлеңдеріне құрылған А.Алматов пен О.Нұрмахановтың бірлескен туындысы «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымында көпшілік сахнада ойнадым.

Шетелдік жазушылардың да туындыларын ұмытпадық. Мәселен, Башқұрт жазушысы Флюр Галимовтың «Олимптің күйреуі» қойылымында сұлулық пен махаббат құдайы – Афродитаны сомдап шықтым. Бұдан бөлек көптеген қойылымдарда өнер көрсеттім. Ешқайсысын бөліп жармаймын, сомдаған рөлдерімнің бәрі де жаныма жақын, ыстық болды. Алдағы уақытта өзімді табиғатыма, мінезіме жақын емес рөлдерде сынап көргім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен А.САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!