1-сыныпқа құжаттарды 1 сәуірден 1 тамызға дейін ғана қабылдау нормасы жойылмақ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығына сәйкес, 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 сәуірден 1 тамызға дейін жүзеге асырылады. Бұл норма квотаны уақытылы орналастыруды және сынып жиынтықтарын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім беру ұйымының бюджетін тиімді бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ сынып жиынтықтарының толып кетуіне жол бермеу мақсатында енгізілді», – деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, бұйрыққа сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында балаларды ауыстыру үшін құжат қабылдау каникул кезеңінде (сот шешімін қоспағанда, басқа елді мекенге көшу, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету) жүзеге асырылады. Бұл норма оқушының оқу сабақтастығын және тоқсанды сәтті аяқтауын қамтамасыз ету үшін енгізілген.
«Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Іnvisible government» жобасы аясында мектепке қабылдаудың өмірлік жағдайын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Осыған байланысты, министрлік «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығына өзгеріс енгізу мәселесін қарайды. Оның аясында сіздердің ұсыныстарыңыз қаралатын болады. Оның ішінде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында білім алушыларды бір білім беру ұйымынан екінші білім беру ұйымына каникулдан тыс уақытында ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады», – деді Еділ Оспанов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!