Алматыда қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен жиын өтті. Кеңес барысында полицейлер мектеп оқушыларының қауіпсіздігін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, Алматыдағы барлық 207 жалпы білім беру мекемесі бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

«Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі білім беру мекемелері әкімшілігінің басты міндеті екендігі сөзсіз, бірақ біз де шетте қалмауымыз керек. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі екендігін және осы бағытта жұмыс істеуіміз қажеттігін атап өткім келеді. Қалада 207 жалпы білім беру мекемесі бар, олардың барлығы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, яғни 4 960 бейнекамера орнатылды. Әрине, мектептерде бейнебақылау камераларының болуы құқық бұзушылықтың алдын алуға оң әсерін тигізеді, ал олардың Жедел басқару орталығына қосылуы заңсыз сипаттағы түрлі көріністерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деді Арыстанғани Заппаров.

Сонымен қатар, ол мектептердің террористік тұрғыдан осал ұйымдардың тізіміне енгізілгенін еске салды. Сондықтан білім мекемелерін тәжірибесі де, материалдық ресурстары да бар, қызметкерлерді оқытуға қатаң талаптар қоятын күзет компаниялары қорғауы керек.

«Абырой болғанда, былтырғы оқу жылында мектептерде ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Мектеп оқушылары арасындағы қылмыс деңгейінің төмендеу тенденциясын жалғастыру үшін, есепте тұрған қиын жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен мақсатты жұмысты жалғастыру қажет. Құқық бұзушылық пен өз-өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдерді анықтау, қажетті мамандарды тарта отырып, олармен жеке профилактикалық жұмыстарды жүргізу жұмыстарын жалғастыру. Тағы бір айта кетерлігі, оқу жылының басталу қарсаңында мектептер маңында көлік қозғалысы қиындайды. 31 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Біз олардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», – деді ол.

Айта кетейік, Алматы полициясы жазғы демалыс кезінде «Демалыс», «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» атты үш ауқымды іс-шара жүргізді, нәтижесінде кәмелетке толмағандардың үйлерінен тыс жерде жүруінің 2 мыңнан астам дерегі анықталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!