Асханасы жоқ мектептердің мәселесі қалай шешілмек? Бұл сауалға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды. Бүгінгі күні осы тапсырманы орындау үшін барлық өңірдің әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді. 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес асханасы жоқ мектептерде (669 мектеп) Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандыруды 3 тәсілі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модулді асханаларды құру, буфеттік тамақтану», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

Министрдің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасыдан шыққан 97 мыңнан астам балабақшаға баратын бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет басшысы тәрбиешілердің еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30% – ға көтеріледі. Бұдан басқа, мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленіп жатыр. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!