Жыл басында Ақпарат министрі мемлекеттің алдында ақпараттық жұмыс сапасын, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту міндеті тұрғанын атап өтті. Қазақстандық интернет сегментін дамыту биылда басым бағыттардың біріне айналған.
Сонымен қатар қазақтілді интернет-ресурстарды, мультимедиалық контент пен онлайн платформаларды дамыту қажеттілігі басты шарттың бірі десек қателеспейміз. Себебі, пандемия кезеңінде біршама сала онлайн форматқа ойысқалы қазақша контенттің жетіспеушілігі, көрерменнің сұранысына сай медиа-өнімнің аздығы байқалды. Осыған байланысты өткен жылдан бері қазақ тіліндегі контентті, интернет ресурстар арқылы қазақша ақпарат таратуды дамытып жүргендер аз емес. Соңғы бірнеше жылдағы қазақ тілінің жай-күйі қалай? Өзімізге өзіміз сын көзбен қарап, сұраққа жауап тауып көрелік.
Жақында ел астанасында өткен Astana Media Week форумында Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының басшысы Анастасия Панина әлеуметтік желінің қазақшаланатынын жариялаған болатын.
«Енді TikTok желісін қазақ тілінде пайдалана аласыздар. Компания цифрлық сауаттылықты арттыру үшін, әлеуметтік желіні тиімді қолдану үшін бұдан былай жүйеге қазақ тілін орнататын болады. Оның ресми кеңселері Астана мен Алматы қалаларында ашылады. Аталған әлеуметтік желінің әлем бойынша 800 миллионнан астам қолданушысы бар. Ал Қазақстанда көптеген адамдар оны дұрыс мақсатта пайдаланып, миллиондаған қаралым жинап, тіпті, кейбірі осы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғанын мойындау керек. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов үлкен танымалдыққа ие болды. Химия туралы танымдық ақпараттарды жақсы түсіндіретіні соншалық, оның сабақтары өте қызықты, оқырманы да аз емес», – деді Анастасия Панина.

Tiktok қазақша сөйлейді
TikTok желісі министрлік құзіретіне қарасты салада белсенді пайдаланылуда. Мәселен, «Bala house», «Ел бірлігі» жобалары жақсы қаралым жинап үлгерген.
Аталмыш компания ойын-сауық бағытынан интеллектуалдық, мәдени-рухани контенттер жасауға басымдық беріп отырғанын, Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін де айтып өтті.
Маркетингтің дәуірі жүріп тұрған уақытта әлеуметтік желі – жеке парақша немесе бос уақыт өткізу тәсілінен гөрі жеке брендті дамытудың, медианың, тіпті, идеологияның қуатты қаруына айналғандай. Сондықтан барлығы көзқарастар призмасына байланысты. Әлеуметтік желіні уақыт өткізу үшін пайдаланамыз ба, әлде сөзден іске көшіп, өзімізді көрсетіп, әр адамның айналысып жүрген ісін, қоғамға пайдасын танытатын құрал ретінде қолданамыз ба, таңдау – өз еркімізде.

Балаларға береріміз жоқ
Жыл басында Астанада балалар мен жасөспірімдерге арналған Özinshe стриминг платформасы таныстырылған болатын. Балаларға арналған қазақша платформа 3400 минуттан астам контенттің лицензиялық құқығын иеленген. Әрі бұдан былай да қазақша, әлемдік ақпаратпен толыға береді.
Платформаны іске қосуға бар күшін салған «Қазақстан» телерадиокорпора­циясы басқарма төрайымының орынбасары, ақын Мақпал Жұмабай балаларға арналған қазақ тілді контенттің қажеттілігін өз өмірімен байланыстырады. Оның айтуы бойынша, өзі 2010 жылы ана атанып, тұңғыш баласы өмірге келген кезде қазақша контентке байланысты қажеттілікті алғаш рет қатты сезініпті. Міне, сол кезден бастап балаларға арналған контент жасау өмірлік мақсатының біріне айналған.
«Балаларымыздың қазақы орта мен қазақша контентке аз да болса мұқтаж болмай өсуі үшін қолымнан келгенін істеуге тырысып жүрмін. Кейін балалар телеарнасының директоры болғанда осындай асыл идеяларды барынша жүзеге асыруға күш салдым. 2020 жылы әлем пандемияның құрсауында қалып, балалар үйге қамалды. «Balapan» арнасы онлайн мектепке айналды. Тұңғыш балам 10-нан асып, сүйікті балалар арнасы аясынан өсіп кетті.
Он жыл бұрынғы мәселе қайта жаңғырып, жасөспірім баламның алдынан шықпасы бар ма?! Балаларға арналған контент жетіспеушілігі әбден сезілді. Осы кезде балалар мен жасөспірімдерге арналған отандық онлайн-кинотеатр жасау идеясы санамда біржола шегеленді. Балалар мен жасөспірімдер контентіне байланысты өзекті мәселелерді ішінен білетіндіктен, оны шешу жолдарын мамандар бірлесе тауып, жобаны азаматтық бастама ретінде жүзеге асыруға шешім қабылдадық», – дейді ол.
Аталған платформаны кез келген ұялы телефонға жүктеп алуға болады. «Өзіншенің» өзгелерден 4 басым тұсы бар. Ол – ең алдымен жасөспірімдер мен балаларға арналған тұңғыш онлайн-кинотеатр. Әртүрлі жас санатындағы жобаларды бір жерден әрі тегін көруге мүмкіндік береді. Жобаны қазірдің өзінде lOS және Android жүйелерінен жүктеп алуға болады.
Екіншіден, тіл үйренуге көмекші құрал. Мемлекеттік тіліміздің дамуына ықпал ететін ыңғайлы медиа ресурс Үздік отандық өніммен қатар әлемдік танымал контентті дубляждап қазақ тілінде де ұсынады. Сонымен бірге платформа өз өндірісін қоса дамытуда. Сұранысқа сай контент өндіруді қолға алады. Қазірдің өзінде 2 жобасы бар.

«Қазақша жаз» қозғалыс тудыра алды ма?
Қазақша контентке «аш» екенімізді атап өттік. Алайда қоғамда тілдің қажеттілігі тұтынушының қолдану мәдениетіне байланысты екенін де жасыра алмаймыз. «Қазақ тілі» қазақтардың ғана емес, «қазақстандықтардың» қолданыстағы тіліне айналғанда, қарапайым қажеттіліктерді қазақша сұрай алғанымызда, қазақ тілін талап ете алғанымызда ғана мәселе шешімін тауып, аталған жайт алға ілгерілемек.
Тіпті, заң бойынша да қазақ тілі – мемлекет тілі болғандықтан, кез келген қоғамдық орында, мемлекеттік мекемелерде қазақша қызмет көрсетуді талап етуге құқылымыз. Міне, осындай мақсатпен 2020 жылы Қазақстанда қазақ тілді тұтынушының құқығын қорғайтын еріктілерден құралған ерекше қозғалыс пайда болды. Жас белсенділерден құрылған «Qazaqsha Jaz» қозғалысы түрлі компания, мейрамхана, дүкендердің желідегі парақшаларына хат, пікір жазып, сыпайы түрде қызметін қазақ тілінде ұсынуын сұрайды. Қозғалыс белсенділері бұл әдісті «тербеу» деп атап жүр. Яғни, қозғалыстың қалыптасқан бірнеше ережесі бар: тек заң аясында әрекет ету, сыпайы болу және балағат сөз жазбау.
– Қозғалысты бастаған белсенділердің бәрі зорлық-зомбылықсыз орта құруға тырысып жүрген адамдар. Сондықтан о бастан-ақ агрессивті әдіс қолданбаймыз деп шештік. Мысалы, компания парақшасындағы бір посттың астына «Дүкеніңізге жиі баратын едім. Өнімдеріңіз қатты ұнайды. Егер парақшаңызға қазақша ақпарат қоссаңыздар, өте ыңғайлы болар еді. Рақмет!» деген сынды пікір қалдырамыз. Соның арқасында бизнес өкілдерімен дос болуға тырыстық. Олар да құқықтарымыздан артық ештеңе талап етпейтінімізді түсінді, – дейді белсендінің бірі Әлия Сари.
Бірақ топ мүшелері бұл әдіс көп күш талап ететін айтады. Бір жылдық жұмыстың пайдасы шамамен 33 пайызды көрсетеді. Яғни, қазақша ақпарат сұраған компаниялардың үштен бірі ғана белсенділердің талабын орындаған. Жақында ғана «Қазақ тілі мәдениеттің тілі емес» деген «Шоколайф» компаниясының директоры Р.Мухоряповтың ұстанымы да осының дәлелі. Яғни, елдегі кез келген мекеме, кәсіпкерлік нысандары екі тілде қатар, тіпті, қазақ тіліне басымдық беру арқылы қызмет көрсетуі тиіс.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!