Аймақтағы білім беру ісін жетілдіруде «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының үлесі зор. Арал ауданында орналасқан орталық өткен жылдан бастап «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынын өткізіп келеді. Бүгінде жобаға 7-10 сыныптардан іріктеліп алынған 480 оқушы қатысып жатыр. Олар жаратылыстану ғылымы сала­сындағы информатика (робототехника), география, химия, физика, биология және математика пән­дері бойынша тереңдетілген білім алып, олим­пиадалар мен түрлі байқауларға қатысып, об­лыстың білім көкжиегін дамытуға өз үлес­терін қосуда.

– «Қамбаш» пансионаты бір мезгілде 120 оқушыны қабылдауға қауқарлы. 7-10 – сынып аралығындағы дарынды оқушылар жатын орын, 5 мезгіл тамақ, келіп-кету жолақысымен қамтылған. Жастар жоғарыда аталған пәндер бойынша топ-топқа бөлінген. Сабақтың жыл бойғы ұзақтығы 210 сағатқа тең. Қазіргі жұмысымыз балалардың болашағына ықпал етері сөзсіз. Біздің орталықта ҰБТ-ға дайындалып кеткен оқушылардың алды шетелде білім алуда. «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Балалардың білім алуына бар жағдайды жасап жатырмыз. Тіпті, смартфондарын жинап алып, тек қажетті жағдайларда ғана қайта береміз, – дейді «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының директоры Рахан Қалиев.
Мұнда оқудан бөлек, суға түсу бассейні, үстел теннисі, сурет салу кабинеті секілді бос уақытты тиімді пайдалануға тамаша мүмкіндік қарастырылған. Оқушылар таңғы ауаның жұпарымен көл жағасында жаттығу жасайды. Кешкі серуенге де шығып, бір сәт көңіл көтереді. Он күн ішінде оқумен ғана шектелмей, қызықты шаралардың өткізілуі оқушының санасына серпіліс беріп, көңілін көтереді. Кешкілік уақытта Қамбаш көлінің жағасына жиылып, алауды айнала қоршаған балалар өлең оқып, ән айтып, бір-біріне жылы лебізін арнайды.
– Математика пәнінен мұғалім болуды қалаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл еншілеп, жоғары оқу орнына түсіп, ұлы математиктерді даярлайтын ұстаз болғым келеді. Осы ретте «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынына алғыс білдіргім келеді. Білікті мамандардан білім алып, дарынды оқушылармен тәжірибе алмасып, жақын дос таптық. Қосымша үйір­мелерге қатысып, білімімізді жетілдірудеміз, – деді Жалағаш ауданы №123 мектептің 10 сынып оқушысы Эльмира Доспанова.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!