Бүгінде ана мен бала өлімінің көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Перзентханаға үмітпен кірген кей ана өкінішпен үйге оралатын жағдайды кезіктіреміз. Осы орайда шырылдап дүние есігін ашқан шақалақ пен ана жағдайын бүгінгі денсаулық сақтау ісінің осалдығына балайтындар да бар. Не де болса, соңғы жылдары аталған мәселе аймақта ғана емес, республика көлемінде бас ауруға айналды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстан ана өлім-жітімі саны­нан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орында екен. Сенбеске амал жоқ. Себебі облыста жыл басынан бері 3 ана өлімі тіркелген. Өткен жылы 10 ана, 2020 жылы 12 ана дүние салған.
Сонымен мұндай олқылықтың себебі мен салдары қандай? Денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлініп, медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынғанымен көрсеткіш оңалмай келеді. Бірі маман біліктілігін қолға алу керек десе, тағы бірі мәселенің мәнін техникалық база мен аналардың салғырттығынан іздейді. Соңғы нұсқаның орынсыз екенін жақында облыс әкімі ескертіп, жағдайға жаңа көзқарас пен шешім қажетін нақтылаған еді. Денсаулық сақтау мәселесі сараланған алқа отырысында облыс әкімі:
«Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», – деді.
Негізінен, бұл кеше-бүгін туындаған олқылық емес. Он жылдан астам өзекті мәселеге айналғаны бар. Жыл сайын заманауи технологияны қатарға қосқанмен нәтиже аз. Өткен ғасырда медициналық көмек пен денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшілік ана мен бала өліміне араша түсе алмаса, қазіргі осалдықтың мәнін ұғу тым қиын. Маман жеткілікті, перзентханада орын бар, жоғары технологияның саны басым.
Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан ал­дыңғы қатарда. Дерек те әрқилы. Мысалы, елде сәбидің дүниеге келу дерегі артқанымен олардың ше­тінеп кету көрсеткіші көбейген. Демографиялық ахуалдың күрделенуі, халық санына да бұл фактордың әсері мол. Не де болса екі ұшты пікір ойға оралады. Алғашқысы жеткілікті маманның біліктілік жайы, соңғысы аналардың немқұрайлы әрекеті. Олай дейтінініміз, сала мамандарының білік-білімі үнемі дамуды қажет етсе, аналардың тұрақты тексерістен өтпей, денсаулыққа салғырт қарауы бала жағдайын нашарлатуға әкелуде. Әйткенмен, мәселе тым күрделі деуге де келмес. Мәселен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен саластырғанда бүгінде ана өлімі 5 есе, бала өлімі 3 есеге азайған. Сондықтан әлде де үміт басым.
Содан болар, жоғарыда айтқан алқа отырысында облыс әкімі мәселені шешу, көрсеткішті төмендету мақсатында кешенді іс-шаралар атқаруды тапсырды. Тіпті саланы сынға алып, басқармаға мәселені шешетін жоспар әзірлеуге 10 күн уақыт берді.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеу керек. Сонымен қатар жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке қою және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұл мәселе 17 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қызу талқыланғанын айту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды», – деді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі перзентхананың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу күн тәртібінде. Себебі баланың шетiнеуi мен ананың бала үстiнен қаза табуының артуы – әлеуметтiк ахуалы төмен, экономикасы осал елдерге тән құбылыс. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жақында заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтар салынып, елдегі бүкіл перзентхана күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады.
Министрдің айтуынша, кейінгі 10 жылда бала өлімінің көрсеткіші құбылып тұр. 2014-2015 жылдары күрт өсу тіркелген. Одан кейінгі 2 жылда қайта бәсеңдеп, 2019 жылы қайта өсім пайда болды. Бұл бірінші кезекте аналардың денсаулығына байланысты.
«Бұл бағытта не істеліп жатыр? Біздегі перзентханалардың, перинаталдық орталықтардың көбі өткен ғасырда салынған. Олардың материалдық-техникалық базасы баяғыда ескіріп кеткен. Шала және аурумен туған нәрестелерді бұл нысандарда емдеп, ұстауға тиісті жағдай жасалмаған. Нысандар халықаралық стандарттарға сай келмейді. Президенттің қолдауымен, тапсырмасымен Үкімет жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысын жоспарлайтын болды. Сондай-ақ, бүкіл перзентханаларда күрделі жөндеу жүргізіледі», – деп түйіндеді Ажар Ғиният.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!