Айдос ТӨРЕМҰРАТОВ, оториноларинголог:

 ‒ Айдос Болатбекұлы, қазір тұрғындар қандай ауру түрімен көп шағымданады? Оның пайда болу себептері неде? Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ…

‒ Бізге көп жағдайда науқастар құлақтың, мұрынның, тамақтың қабыну процесімен келеді. Қабыну процесі бірінші кезекте адамның анотомиялық құрылымына, яғни бас сүйектің орналасу ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады. Екінші кезекте науқастың әлеуметтік жағдайына, жеке басының гигиенасына, күтіміне әрі ерік-жігеріне тәуелді, өйткені көп кісілер осы себеппен уақытылы ем ала алмайды. Байқағаныңыздай, емханаға тұрмысы  орташа, төмен, өзіміз секілді кісілер тегін медициналық көмекке зәру болып көп келеді. Салқын тиген кезде науқастар дәріге қаражатын қимауы мүмкін, осылайша «көп ұзамай жазылып кетермін» деген оймен арада үш-төрт күн өтеді. Тек мұрын қуысы айналасында қабыну процесі асқынған кезде барып бізге келеді. Өкінішке қарай, мұндай асқынған сәтте ем жүргізу ұзақтау, қиындау әрі қымбатқа түсетіне тағы бар. Өздеріңізге белгілі, мұрын қуысы жоғарғы тыныс алу жолдарына жатады. Бұл жердегі қабыну процесі вирусты генезді, грибокты генезді және бактериалды болып бөлінеді. Мұрын қуысындағы қабыну науқастардың 90-95 пайызында  вирусты генезді болып басталады да, екі-үш күнде емделмесе, мұрынның жұмсақ ұлпаларында бактериялардың жедел өсуіне қолайлы орта туғызып береді. Бұл уақытта ауру іріңді асқынуға, жоғарғы жақ сүйек қойнауының шырышты қабаттарының қабынуына ұласады. Науқастар арасында кең тараған, сөз арасында көп қолданатын «гайморит» диагнозы осы жоғары жақ сүйегі қойнауының ішіндегі шырышты қабаттың қабынуынан пайда болады. Одан кейін балалар мен жасөспірімдер тор тәрізді қойнаудың қабынуымен (этмоидит) жиі келеді. Егер баланы дер уақытында дәрігерге көрсетпесе, бұл ауру асқынып, созылмалы жағдайға айналуы мүмкін.

‒  Ал бұл аурудың алғашқы белгілері қандай?

‒ Науқастар үнемі тамағының жыбырлайтынын айтып, жұтқыншақтың жоғары жағынан үнемі жабысқақ, шырышты бөлінді келіп тұрады деп шағымданады. Мұрын қуысындағы жағымсыз иіс, баланың мұрынмен сөйлеуі, мұрынның суықтан жиі қабынуы, көз айналасы, мұрын сүйегі ауырсынуының бәрі осы этмоидиттің белгілері болып саналады. Ал көпшілік мұрын ауырса болды, өзіне «гайморит» деп диагноз қойып алады. Ал мұрын ауруларының медицинада түр-түрлі диагнозы бар.

‒ Қазір жайлап күн суыта бастады, соның әсерінен құлақ аурулары да көбейгені рас. Осы орайда құлақ ауруларына да тоқталып өтіңізші…

‒ Ортаңғы құлақтың жіті отиті ‒ жиі кездесетін ауру. Ортаңғы құлақ мұрын қуысы, жұтқыншақпен байланысады, сондықтан құлақтан мұрынға дейін келетін есту түтігі арқылы  ауа алмасып тұрады. Жалпы құлақ ауруының 90-95 пайызы мұрын-жұтқыншақ қызметінің бұзылуынан болады. Мұрын қуысы, жұтқыншақта қандай да бір қабыну процесі болса, есту түтігі соустьясы жабылып қалады, соның әсерінен дабыл қуысында ауа айналымы бұзылады. Құлақтағы ауа жылы, барабан пердесі сыртындағы ауа салқын болған сәтте барабан қуысында  теріс қысым (отрицательный давление) пайда болады. Соның әсерінен дабыл жарғағы тартылып қалады да, ортаңғы құлақ қуысындағы барлық жұмсақ ұлпалардың сұйықтығын ортасына жинап алады. Мұны экссудативті отит деп атайды. Егер ауруды дер кезінде емдемесе, құлақтағы сұйықтық жабық жерде тұрған соң іріңге айналады, нәтижесінде құлақта кері қысым пайда болады. Соңында ол емізік сүйекшесіне қарай кетеді немесе дабыл жарғағын үрлеп-үрлеп тесіп шығады. Бұл ауру ортаңғы құлақ іріңді қабынуы, барабан пердесінің перфорацияланған сатысы деп аталады. Осындай асқынумен де адамдар жиі келеді себебі, науқастар құлаққа дәрі қабылдағанмен мұрын қуысының қабынуына мән бермейді. Соның әсерінен дәрілер ешқандай оң нәтиже көрсетпейді. Сондықтан алдымен аурудың пайда болу негізін анықтап алу қажет.

ХХІ ғасырда мұрын қуысындағы ауа айналымын да көруге болады

‒ Дабыл жарғағы зақымдалған жағдайда емдеуге бола ма?

‒ Егер біз ертерек ем тағайындап, мұрын қуысындағы, тамақтағы ауру себебін жойсақ, дабыл пердесінің жазылуы тезірек жүріп, өзінен-өзі бітеліп кететін кездері де болады. Ал сол сәтте науқас дұрыс емделмесе, құлақтағы дабыл пердесінің перфорациясы ұлғая түседі. Бұл жағдайда адамның есту қабілеті төмендейді де, уақыт өте келе дабыл жарғағы  дауысты қабылдай алмай қалады. Дабыл қуысының ашық тұрғаны да зиян, оған сырттан жылымаған, құрғақ ауа, су кірмеуі керек. Ортаңғы құлақ мұрын қуысындағы тазартылған, жылытылған, ылғалданған ауаны алу қажет, ал егерде құлақта кішкене тесік болса салқын ауа, су кірген сайын қабынып ауыра береді. Жағдайды ертерек анықтасақ, дабыл қуысын жабуға тырысамыз. Егер науқас ауруға немқұрайлы қараса, соңында есту қабілетінің жоғалуына (кондуктивная тугоухость) әкеледі. Құлақтағы жүйке жүйесі жұмыс істегенімен (ішкі құлақ), ортаңғы құлақ, дабыл пердесі дыбысты қабылдай алмайды. Оның өзінің төрт дәрежесі бар, төртінші дәрежеде адам керең болып қалуы мүмкін.

‒ Демек мұның бәрінің о бастағы себебі бір ғана вирустан болып тұр ғой…

‒ Иә, ең бірінші себеп жоғарғы тыныс жолының вирустан қабынуынан болады. Әдетте бізге салқын тиді деп айтып жатамыз, бірақ адамға салқын қалай тиеді? Кейбір кісілер “құлағымда салқын бар, салқынды шығаратын ем беріңіз” дейді. Көпшілік осылай шатасады, сондықтан осы процесті кеңінен түсіндіріп өтейін: жоғарғы тыныс жолдарында адам ағзасында өмір сүретін бактериялар болады. Олар біздің иммунитетіміз жақсы жұмыс жасап тұрса, яғни температурамыз қалыпты 36,5-36,6 градус болса өсіп-өне алмайды, тек қорғаныш капсуласын  түзіп жатады. Кейде адам жылы жерден дереу салқын далаға шықса, ағза температураны реттеп үлгере алмай қалады. Сол сәтте мұрынның жоғарғы қабатындағы шырышты қабықта салқындау пайда болады да, (температура 33 градусқа түсіп кетуі мүмкін) бактериялардың тез көбеюіне қолайлы орта тудырады.  Олар мұрын қуысын қабындырады. Негізі жоғарғы тыныс жолдарының асқынуы төменгі тыныс жолдарына (өкпе) дейін жалғасады.

‒ Адамдардың көбі аллергиядан зардап шегеді. Соңғы кезде мұрын қуысында  пайда болған өсіндіге алаңдаған науқастарды да жиі көріп жүрміз. Бұл ауру түрлері неден пайда болады? Дер уақытында қаралса, науқас құлан-таза жазылуы мүмкін бе?

‒ Иә қарапайым тілмен мұрын қуысында ет өсті деп айтамыз, ал бұл медицинада полип деп аталады. Полип ‒ шырышты қабаттың зақымдануынан пайда болған өсінді, яғни қатерсіз ісік. Өсінді көп жағдайда науқастың тынысын тарылтады, оны сылып алып тастамаған жағдайда көлемі жыл өткен сайын ұлғая түседі. Жоғарғы жақ сүйек қойнауы немесе тор тәрізді қойнаудың қабырғасына өсіп, қысым келтірген жағдайда көзге де кері әсері болады.

Ал аллергия ‒ мұрын қуысындағы шырышты қабаттардың шаң-тозаң немесе белгілі бір аллергенге берген реакциясынан болатын қабыну процесі. Шаң-тозаң шырышты қабат арқылы ағзаға түскеннен кейін сол жерде аллергенді комплекс түзіле бастайды. Сол жердегі аллергиялық қабыну әсерінен адамдар дұрыс демала алмайды, көзіне дейін қызарып, жиі түшкіріп, мазасызданады. Бір сөзбен айтқанда мұрын қуысы айналасындағы барлық аэродинамика бұзылады. Адамда бір аллерген бойынша антидене түзілетін болса ол өмір бойы сол күйінде қалады, оны ешкім алып тастай алмайды. Иммунология ғылымында антиденені азайтып, тоқтатып тастайтын уақытша ғана емдер бар, бірақ түбегейлі жоятын ем табыла қойған жоқ.

‒ Мұрын медицинада түбегейлі  зерттелмеген ағза болып саналады екен. Маман ретінде айтыңызшы, ғылым үшін не құпия болуы мүмкін?

‒ Бұл пікірмен келісуге болады, себебі әлі күнге дейін адамның жүрегі, тіпті шашы да толыққанды зерттеліп біткен жоқ. Әр кітапты ашқан сайын жаңа бір жаңалықты көруге болады. Бірақ қазіргі тұста бізге мұрынның беймәлім қыры жоқ деп ойлаймын. Өйткені ХХІ ғасырда аппарат көмегімен мұрын қуысындағы ауа айналымын да көруге болады. Бәлкім біз білмейтін құпиялары да бар шығар, болашақта жаңалықтар болса бөлісетін боламыз.

‒ Қазір ауру түрлері толық анықталды дедік, бірақ бәрінің емі табылды ма?

‒ Жалпы мұрын, құлақ, тамақ ауруларын  консервативті, яғни дәрі-дәрмекпен және хирургиялық жолмен емдеуге болады. Тек осы ағзалардағы обыр ауруын емдеу қиындық тудырады, сол үшін онколог көмегіне жүгінеміз. Егер бұл ауру түрін  ерте кезеңде анықтасақ, емдеуге болады деп ойлаймын.

− Балалар мен жасөспірімдерде бадамша безінің (ангена) асқынуы жиі кездеседі. Оның пайда болу себебі неде? Медицинада бұл ауру түрі қалай емделеді?

‒ Бізге осы шағыммен келушілерді зерттеп қарасақ, көбіне мұрын қуысымен дұрыс дем ала алмайтын, соның әсерінен ауыз арқылы көп тыныс алатын балаларда осы ауру жиі кездеседі. Мысалы, мұрын қуысы дұрыс емделмеген кезде баланың тыныс алуы қиындайды да, аузымен дем алуға үйреніп кетеді. Бірақ ауыз қуысындағы, тамақтағы, жұтқыншақтағы шырышты қабат дем алуға арналмаған. Сол себепті ауызға жылымаған, тазартылмаған, құрғақ ауа кіреді де, жұтқыншақтағы бездердің шырышты қабаты құрғай бастайды. Сол құрғаудың әсерінен шырышты қабатта майда жарықтар пайда болады да, ауыздағы вирус немесе ауа арқылы түскен бактерия шырышты қабаттан оңай өтіп кетіп, қабыну туғызады. Сондықтан ата-аналар бадамша бездері (миндалины) мазалаған баласының мұрын қуысын, тамағын толық тексерту қажет. Бадамша бездері қызмет етпейтін жағдайда аутоиммунды аурулар туғызбас үшін  алып тастауға тырысамыз. Себебі тамақтағы бадамша безінің бактерияларымен күресу үшін иммунитет арнайы антидене бөледі. Антидене  үздіксіз, көптеп бөліне берсе жүрек, буын ауруларына әкелуі мүмкін.

‒ Бұл процесс ағзаға зиян емес пе?

‒ Керісінше, пайдасы зиянынан артығырақ десе де болады. Өйткені біз науқаста болашақта болуы мүмкін аутоиммунды аурудың алдын аламыз. Балалардың бадамша бездері үлкен көлемде болса, иммундық жүйеде жұмыс істеп тұрса оған көбіне тонзиллотомия жасалады, яғни тыныс алуға, жұтынуға кедергі келтіретін бөлігін (жартысын) алып тастаймыз. Ал егер бадамша безі жұмыс істемейтін болса (декмпенсированная форма) оны түбегейлі капсуласымен сылып алып тастаймыз (тонзиллоэктомия). Сондай-ақ бадамша безі болмаса өкпеге вирус түседі деген қате түсінік. Себебі бадамша безі болған жағдайда да, егер жоғарғы тыныс жолдары дұрыс емделмесе бәрібір төменгі тыныс жолдары зақымданады.

‒ Құлақты жылына екі рет медицина  мамандарына тексерту қажет деп айтамыз. Ал үй жағдайында тазалауға бола ма? Оның зияны қандай?

− Тәжірибеден байқанымыздай, құлақ тазалығына көп кісілер мән бере бермейді. Соның салдарынан құлақ кірлейді, себебі  құлақтың эпидермисінде арнайы шырыш бөлінеді.  Мысалы, алақанымыз терлегені тәрізді құлақтың да ішінен сұйықтық бөлетін бездері болады. Ол не үшін бөлінеді? Өйткені құлақтың ішіне түскен шаң-тозаңды дер кезінде ұстап, оны бейтараптандыру керек. Көп адамда осы сұйықтық өз еркімен сыртқа шыға алмайды, көбісі оны тазаламайды, тексертпейді. Арада біраз уақыт өткен соң сұйықтықтың көп бөлінуі салдарынан тығынға айналады да, құлақтың есту қабілеті нашарлайды. Сондықтан әр адам өз денсаулығы үшін жылына тым болмаса бір рет тексерілсе жеткілікті болар еді.

Тағы бір мәселе, көпшілік құлақтың анатомиясын білмеген соң, дабыл жарғағы қаншалықты тереңде тұр, құлақтың ар жағында не бар, не жоғын көзімен көре алмайды. Кейде тазалаймын деген оймен құлақ ішіне ішіне жоғарғы пайызды перекись сұйығын құяды, бірақ ол құлақты күйдіріп тастауы мүмкін немесе арнайы құлақ тазалағышы болмаса, сіріңке талшығымен, темірмен тазалайды. Сол уақытта дабыл жарғағына зақым келтіріп алады да, дер кезінде емделмегеннен кейін құлақтың қабыну процесі жүреді. Сөйтіп құлақтағы дабыл пердесінің тесігі үлкейе береді. Ауру жанына батқанда қала тұрғындары жеке клиникаларға немесе мемлекеттік емханаға қаралуы мүмкін. Ал ауылдарда мұндай мүмкіндік бола бермейді, тіпті кейде ауданнан да маман табу қиын. Мен Алматыдағы №5 мемлекеттік ауруханада жұмыс істедім, сол жерде профессорлар: «Алматының ауылдары  қатты асқынулы емес, науқастар уақытылы емделеді. Нағыз асқынуларды шет облыстарға шыққанда көресің» деп айтатын. Бұл − шынымен ойланатын мәселе. 

‒  Осы орайда науқастарға мемлекет тарапынан ота жасатуға арнайы жолдама (квота) беріле ме?

− Иә, қазір бұл мәселе жолға қойылған. Мұрын қуысы, тамаққа өзіміз ота жасай береміз, бірақ әзірге  құлаққа ота жасауға арнайы құрылғылар жетіспейді. Сондықтан құлақ ауруына жасалатын ота үшін Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалаларға жолдама береміз, өйткені ол жақта мықты профессорлар құрамы бар, олар бір-бірімен ақылдасып отырып, ғылыми жұмыстар жүргізеді. Меніңше, уақыт өте келе өзімізде де құлаққа ота жасауға болады. Айта кетейін, құлаққа жасалған отадан кейін науқас толықтай жазылады, бірақ көп жағдайда есту қабілеті дәл бастапқы қалпындағыдай болмайды, яғни қалыс естиді.

− Covid-19 инфекциясы кезінде тыныс жолдарының бұзылуы басты мәселеге айналды. Жалпы вирус дәм, иіс сезу қабілетіне қалай әсер етеді?

− Covid-19  инфекциясы  ‒ кәдімгі тұмауға ұқсас вирус. Тұмау адамға қалай әсер етсе,  ковидтың ықпалы да осыған пара-пар. Тұмау, ковид  кезінде де иіс, дәм сезудің бұзылыстары болады. Себебі, вирус бактериядан 10-15 есе кіші болған соң, өткірлігімен шырышты қабаттан өтіп,  жүйке жүйесін уақытша зақымдайды. Оған жетпей қалғанның өзінде айналасында қабыну процесін туғызып, жүйке жүйесіне шығатын бөліктің қысылып қалуына әкеледі. Қабынудың әсерінен мұрын қуысындағы жүйке жүйесі қызметі нашарлап, иіс сезу бұзылысы пайда болады. Қабынған жердегі иіс сезу нервна қан дұрыс бармаған соң, қоректенуі бұзылады да иіс сезу қабілеті төмендей бастайды. Науқас ұзақ уақыт дұрыс емделмесе мұрын қуысындағы жүйке жүйесі ақырын жұмысын тоқтата береді. Содан кейін өмір бойы  мүлдем иіс, дәм сезбей қалуы мүмкін. Тәжірибеде байқағанымыздай, науқастар арасында мұндай жағдайлар да кездеседі.

− Ауырған кезде себі болар деген үмітпен халық емін де қолданатын сәттер болады. Әсіресе суық тиген кезде тамақты, мұрынды тұзбен шаю әдетке айналады. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы үй жағдайында жоғарғы  тыныс жолдарын қалай емдеп, күтінуге кеңес бересіз?

− Тамақ немесе мұрын салқындаған кезде жылы сумен, шалфей, түймедақ (ромашка) шөптерімен тамақты жиі-жиі шайқап отыру керек. Олар антисептикалық әсер беріп, шырышты қабаттың қорғаныш күшін арттырады. Мұрын қуысын да дәл солай күніне 2-3 мәрте 0,9 пайыздық натрий хлориді ерітіндісімен мен шайып отырсаңыз, шырышты қабат қалыпты жұмыс істейді. Ал тұздың пайдасы да, зияны да бар. Көп мөлшерде қолданған тұзды су қауіпті, өйткені судың құрамындағы тұз консентрациясының мөлшерін білмеген соң  шырышты қабатты күйдіруі немесе құрғатуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір ем қолданбас бұрын дәрігердің кеңесін алған жөн.

− Сұхбатқа келмес бұрын әлеуметтік желіден ем алушылардың сіз жайлы жазған жылы пікірін, алғысын жиі байқадық. Сондықтан сөз соңында бұл салаға қалай келгеніңіз жөнінде де айтып өтсеңіз… 

− Лор саласындағы оталардың жасалу әдісіне, емдеу жолына ерекше ден қойып, қызыққан соң 2016 жылы Алматыға оқуға тапсырдым. Оған дейін инфекционист маман ретінде Жалағаш ауданында жұмыс істедім. Үш жыл уақыт ішінде Алматыдағы №5 мемлекеттік ауруханада біліктілігімді шыңдап, отаны профессорлармен бірге жасай  бастадым. Кейін қайта туған жерге келіп, бүгінде емделушілерге қызмет көрсетудемін.

− Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!