Фото: freepik

Әлем жадында атақты суретші кейпінде есте қалған Леонардо да Винчи 1508 жылы көзі нашар көретін адамдарға арнап суға толған шардың сызбаларын салғанын білесіз бе? Осы үрдіспен басталған жаңашылдық аясында 1637 жылы Рене Декарт бір жағында үлкейткіш әйнек, бір жағында адамның көзіне арналған тетігі бар оптикалық заттың сызбаларын жасаған. Ал 251 жылдан кейін неміс физигі Адольф Гастон Евгений Фик оптикалық күші бар шыны линзаны суреттеген. Бұл дәрігерлердің тәжірибесіне 1889 жылы ғана енді.

Көз – адамға тарту етілген нығметтердің бірі. Тұрмыс-тіршілікке мықтап бекінген цифрлы құралдар һәм технологиялар дәл осы көздің қас жауы. Үлкендерді бері қойғанда, жастар мен балалардың көру қабілеттері тым төмен. Осылайша айналада «төрт көзділер» көбейеді. Алысты, жақынды анық ажырата алмай, мұрнының астындағы жазуды да топшылап көретін жасөспірімдердің арасында көзілдірік таққысы келмейтіндер бар. Бағана біз жазғандай «төрткөзді» деген лақап атқа ие боламын дейді ме, көбі ұялатын көрінеді. Осындайда контактілі линзалар көмекке келеді.

Линза – көру қабілетін түзетуге арналған, көздің бетіне тікелей қойылатын шағын, дөңгелек, мөлдір құрылғы. Олар көру өткірлігін жақсарту үшін көздің мөлдір қабығын өзгертіп, жарықтың көз торына дұрыс фокусталуына көмектеседі. Қазір олар көзілдірікке балама ретінде қолданысқа кеңінен енді.

Дәл осы мөлдір қабықты қолданушыларының айтуынша, линза толық көру аймағын қамтамасыз етеді, қозғалыс кезінде де, белсенді демалыста да кедергі болмайды. Сондай-ақ жаңбыр немесе қар секілді түрлі ауа райында көзілдірік секілді буланып, бұлыңғырланбайды екен.

Тек пайдалы, оң әсері ғана бар деген пайым да дұрыс емес. Линза ұқыпты қолдануды талап етеді, оны сақтайтын контейнер, сұйықтық, көзді құрғаудан сақтайтын тамшыны қоса алып жүру керек. Құрғақ ауада линза көзден түсіп кетуі мүмкін, арнайы күтім заттары, жарамдылық мерзіміне байланысты шығыны көп. Массагеттің мәліметінше, линза тағатын әрбір он үшінші адамда көру қабілеті нашарлап, 50% да көз шынайнасының қабығы зақымданады. Ұлыбритания офтальмологтары кейінгі жылдары линза тағатындардың арасында көз инфекцияларының көбейгенін айтады. Түрлі бактерия, микроағзалар көзге зиян келтірсе де, британ мамандары күтім жақсы болса, линзадан қауіп жоқ дейді.

Линза тағу үшін алдымен дәрігерден кеңес алу қажет. Линзаны көзге кигенде көру аппараты мен қарашықтың аралығында ауа болмайды.

− Иә, өзіңіз айтқандай бүгінде жасөспірімдер контактілі линза қолданғанды жақсы көреді. Көзілдіріктің де, линзаның да түрлі эффектілері болады. Линза көзілдірікке қарағанда айналаны толық көруге мүмкіндік береді. Әсіресе, астигматизм кезінде көзілдіріктің екі жағы екі түрлі болғаны көзге ауыр әсер етеді. Ал линза таққанда көру мүмкіндігі де көзілдірікке қарағанда жақсы болады. Алдымен линза түрлеріне тоқталсам, ауа өткізетін (гидрогельді), ауа өткізбейтін (силикон-гидрогельді) және түрлі түсті түрлері бар. Бір күндік немесе бір айлық линза болса, оны уақытынан артық пайдалануға болмайды. Сонымен қатар линзаны міндетті түрде өзінің арнайы сұйықтығында сақтап, сонымен тазалау керек. Линзамен ұйықтауға болмайды. Ол көздің жоғары қабатына кетіп, алуға қиындық тудырады. Сондықтан, ұйқы алдында линзаны шешіп, көзді тынықтыру қажет. Әйтпесе, гипоксия да пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан көздің қабыну аурулары туындап, көру қабілеті төмендейді. Әйел адамдар линзаны макияжға дейін тағып әрі суға түскенде линзаны шешкен жөн. Ең бастысы инфекциялық көз ауруы бар, құрғақшылыққа бейім және глаукома сынды дерт кезінде тағуға болмайды, − деді оптометрист маман Алтынай Мейрамбекқызы.

Жанардың мұндай түрін дұрыс, бұрыс деп нақтысын айту қиын-ақ. Кімге көзілдірік, кімге контактілі линза тағу еркі өзінде. Бастысы күтімі мен қолданылуы дұрыс болса игі.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!