«Қазақ десе өзімізге тиеді, бірақ біздікілер әлі кетіп, ауру жанға батқанда, көз қарауыт­қанда ғана шипа іздейді» дейді дәрігерлер. Бұған келіспеске болмайды. Себебі «скринингке келіңіз» дегеннің өзінде сан түрлі сылтау тауып, бармаудың амалын жасайтындар бар. Арасында жүрексінетіндер кездеседі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, көңіл-күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да скринингтен міндетті түрде өту қажет. 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторын ерте анықтау мақсатында скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі. 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады.
Ең бастысы, 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өту қажет, оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика – бейнекольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу, бейінді мамандардан консультация алу бар. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, тегін скринингтен өтуге талай адамның мойны жар бермейді. Дерек бойынша Қазақстанда «жаман ауруға» шалдыққан 190 мыңға жуық науқас бар. Облыста онкологиялық ауруға шалдығу көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға төмендеген. Қазір қатерлі дертке шалдыққан 4721 науқас диспансерлік есепте. Ал биыл балалар арасында онкогематологиялық диагнозбен 446 бала анықталып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу, алдын алу жөніндегі орынбасары Жалғасбек Үсенов былтыр 1194 науқас диспансерлік есепке алынғанын айтады.
Мамандар пікіріне зер салсақ, бірінші орында – сүт безі қатерлі ісігі, одан кейін өкпе қатерлі ісігі мен колоректалды қатерлі ісік тұр. Әсіресе, ер адамдардың өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болуы жиі кездесетіні анықталды. Науқастардың 59 пайызы – еңбекке қабілетті адамдар. Алаңдататыны, онкологиялық аурулардың «жасара» түскені.Онколог бұрындары 50 жастан асқандарда кездесетін сүт безі обыры қазір жасы 30-ға толмаған жастарда да кездесетінін айтып, дабыл қағуда.
– Латында «канцерогенез» деген сөз бар, мұндағы «канцер» «қатерлі ісік» деген мағына берсе, «генезис» – «пайда болу» дегенді білдіреді. Қатерлі ісіктің пайда болуы нашар экологияға да байланысты. Қалалар өсіп, ауаны ластайтын өндіріс ошақтары көбейген сайын ісік етек жаяды. Канцероген зауыт түтіндерінде, бояғыш заттарда да көп кездеседі. Шылым мен улы түтіндер де – канцерогендер. Бұлардың кесірінен өкпе рагы туындайды. Күйген майға піскен, қатты қуырылған, шамадан тыс тұзды тамақ – асқазан қатерлі ісігін тудыруға себеп.Өзіңізге, балаға, оның жетілуіне, ас мәзіріне аса мән берген жөн. Себебі Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікпен ауыратыны тіркеліп отыр. Мысалы, жасөспірімдер көп шалдығатын онкологиялық аурулар қатарында бірнеше түр бар. Нефробластома (Вильмс ісігі) – бүйрек клеткалары нефрондардың эмбрионал жетілмей қалуы нәтижесінде туа пайда болатын ауру, лимфомалар мен гемобластоздар (лейкоздар) ересектермен қатар балаларда да жиі кездесе беретін ісік. Юинг саркомасы – мидың қатерлі ісігі жасөспірімдерде жиі кездеседі. Тератома – әртүрлі әсерден (ішкі, сыртқы факторлар) эмбрионал даму кезеңдерінде туындайтын кез келген дене мүшесінде пайда болатын туабітті ауытқу, – дейді жоғары санатты дәрігер онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Мұрат Жантеев.
Сондай-ақ маман қазір ісікті емдеу қарыштап алға басқанын алға тартты. Бүгінгі таңда 10-15 жыл бұрын емдеу мүмкін болмаған кеселге шипа бар. Онкологиялық ауруларды емдеудегі әлемдегі алдыңғы қатарлы әдістемелер игерілді және олар Қазақстанда қолданылады. Жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін ауруларды емдеудің заманауи әдісі жүргізілуде. Барлық химиятерапиялық және таргеттік препараттар ТМККК шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бері сүйек кемігін трансплантациялау жүргізіліп жатыр, онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режимін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, сәулеленудің немесе химиятерапияның оңтайлы курсын тағайындауға, емдеудің тиімділігін бақылауға және негізсіз отаны болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. Бұған қоса ғалымдар да күн сайын жаңалық әкеліп, ауруды ауыздықтаудың мүмкіндіктерін қарастыру үстінде. Бірақ ұзақ уақыт емделуден арылуға және өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор – тұрақты онкоскрининг пен аурудың ерте кезеңдерінде дәрігерге жүгіну болып қала бермек.
P.S. Медицинасы дамыған бірқатар мемлекеттің қызметкерлері жылына бір рет қатерлі ісікке қарсы тексерілмеген жағдайда жалақы алатын шоты бұғатталып қалады екен. Өйткені ауру өршіп тұрғанда қай елге болса да оны емдегеннен гөрі асқындырмай, алдын алған тиімді. Бізде де онкологиялық орталықтар тұрғындарды скринингтен өтуге шақыру үшін түрлі шаралар, акциялар мен ашық есік күндерін өткізіп әлек. Бірақ нәтиже әлі де мардымсыз күйде. Сондықтан оны бір жүйеге келтіру уақыт күттірмейді.

М.СНАДИН