Фото: astanahub.com

KAZINFORM – Apple Authorised Training Center for Education бағдарламасына 400-ден астам үміткердің ішінен ең үздік 60 студент іріктелді. Олар iOS-та мобильді қосымшаларды құру үшін барлық қажетті дағды мен білімді ақысыз негізде игереді. 

Студенттер Apple компаниясының заманауи жабдықтары мен қажетті құралдарына тегін қол жеткізіп қана қоймай, Apple-дың сертификатталған оқытушыларынан білім алады.

«2023 жылдың қазан айында біз Apple Authorised Training Center for Education компаниясымен келісімге қол қойдық. Оның шеңберінде Astana Hub Қазақстандағы Apple тренинг орталығының өкілі болды. Бұл орталық студенттерімізге iOS бағдарламалау дағдыларын игеру мүмкіндіктерін ұсынып, идеяларын жүзеге асыруға және өз мобильді қосымшаларын құруға жол ашады. Apple компаниясымен серіктестігіміз инновациялық ойлауды дамытуға ықпал ететіні анық. Сонымен қатар Қазақстандағы IT-секторды дамыту үшін студенттерімізді озық технологиялық шешімдер қабылдауға шабыттандыратынына сенім мол», – деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.

Елімізде Certified Apple Trainer бағдарламасы бойынша сертификатқа ие 8 жаттықтырушы ғана бар. Солардың бірі – сертификатталған Apple Trainer Смағұл Негматов. Әртүрлі білім беру ресурстарына, соның ішінде Apple компаниясының жеке дәрістеріне қол жеткізу мүмкіндігі бар жаттықтырушы орталық студенттеріне білім беріп, цифрлық технология саласындағы озық тәжірибелерге қол жеткізуге баулиды.

«IOS әзірлеу бойынша оқыған студенттерімнің басым бөлігі еліміздің ірі компанияларында, әсіресе Halyk, ЦентрКредит банкі, Jusan сияқты және т.б. банк саласында табысты жұмыс істейді. Алты айлық жүйелі оқыту барысында студенттер өз дағдыларын едәуір жетілдіріп, middle деңгейіне жетті. Бір жыл ішінде әзірлеушінің middle+, тіпті senior iOS деңгейін меңгергендер де болды», – деді Apple Certified Trainer Смағұл Негматов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!