Фото: бейнежазбадан алынған кадр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесі 734-ке жетті.

Соңғы үш күнде Сайын Шапағатов ауылынан Сығынды мүйісіне дейінгі аралықта 137 итбалықтың өлігі табылған еді.

Біз инспекторлар тобымен және комиссиямен бірге хабарлаған жерге барып, өзіміз де көрдік. Теңіз жағасына шығып қалған 137 итбалық тауып, акт толтырдық. Итбалық денелері қатты іріп кеткен. Тек бір итбалықта ғана балықшы ау құралдарының іздері байқалды. Мойнында жарақат белгілері бар. Қалғандарын сырттай қарау мүмкін емес, сынама алу да мүмкін емес, өйткені денелері қатты ыдырап кеткен, – деген еді Андрей Руцкий.

Аумақтағы зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Толқын жағаға шығарып тастаған теңіз сүтқоректілерінің саны әлі өсуі мүмкін.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген итбалықтардың жаппай қырылу дерегі 24 қазанда Түпқараған ауданы жағажайында тіркелді. Гидробиология және экология институтының мамандары сол жерге барып, теңіз суы мен итбалық өлекселерінен сынама алды. Оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Теңіз жағасынан табылған итбалық өлекселерінің дені бүлінген. Яғни, сынама алуға жарамайды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!