Қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі Роза Тәжібайқызының ғұмыры тұтастай әдеміліктен құралған. Сахна адамы болған соң, жаны сұлулықты жақсы көретін. Халыққа Роза есімімен танылған оның шын есімі Рәзия еді. Анығында аңыз адамға айналған әнші жайлы біз біле бермейтін дерек көп. Сол үшін тарих бетіне қайта үңілген едік.  

       Көпшілік Роза Бағланованы Қазалының тумасы деп біледі. Шыққан тегі ретінде Кіші жүздің ішіндегі Әлім, одан Бөлек Асан деп таратады. Әншінің көзі тірісіндегі сұхбаттарында әкесі Тәжібай, ал анасы Ақкүріш екені жазылған. Алайда әншінің ағасы Шәкіман Бектібаев Розаның Қазалыда емес, Қармақшы ауданында дүниеге келгенін айтады. Бұл туралы «Аңыз адам» журналына берген  сұхбатында ол көпшілікке беймәлім келесі оқиғаларды баяндайды: «Әкем Бектібай – ескіше білімі бар әрі Жосалы кентіндегі 4 сыныптық орыс мектебінде білім алған, сауатты адам болған. Болыстығы үшін қудалап, 1928 жылы оны Қазалыға жер аударған. Дәм-тұзы таусыларын біліп бізді «аш жалаңаш қалмасын» деген әкем мені, қарындасым Рәзияны және інісі Пазылдың қызы Әсілбекті Қазалыдағы балалар үйіне тапсырады. Бір күні біз Әсілбек апаммен балалар үйінен қашып кетуді ұйғардық. Рәзияны да алып қашып кетпекші болып едік, тәрбиеші татар әйел оған бізді жолатпай қойды. Кейіннен өз-өзімізге сәл-пәл келе бастағанымызда 1935 жылы шешем Рәзияны алып кетуге Қазалыға барды. Бірақ баяғы татар әйел «оқуына кедергі келтірмеңіз» деп қызды көрсеткісі де, жібергісі де келмейді. Сол кезде Қазалыдағы оқу бөлімінде біздің бір туысқан ағамыз қызмет істейтін. Шешем Қадиша соған барып, жағдайды айтады. Сол кісінің араласуымен балалар үйіндегілер Рәзияны шешеме көрсетеді. Бірақ «Қазір түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан алдыңызға 11 қыз шығарамыз. Соның ішінен қызыңызды танысаңыз және ол да сізді таныса ғана береміз» дейді. Сөйтіп бірдей киінген 11 қызды шығарады. Шешем солардың ішінен Рәзияны танып, «Менің қызым − осы» деп көрсетеді. Тәрбиеші қыздан «Мына кісіні танисың ба?» деп сұраса, қыз «танымаймын» депті. Танымайтындай жөні бар. Оны балалар үйіне төрт жасында өткізген ғой. Қатар қыздары Рәзияны «Роза» деп атап кетіпті. Рәзия менен төрт жас кіші. Оны 1922 жылы дүниеге келген деп жүр ғой. Шындығында, ол 1924 жылы туған» дейді ақсақал. Соғыстан кейінгі қой үстіне бозторғай ұялаған шақта Қадиша ана Розамен қайта қауышады. Әншінің есімін ел таныған уақыт. Сонда Роза өзін өсірген екі анасы Мариям мен Ақкүріштің болғанына қарамастан, қайта жолыққан туысқандарын да жылы көңілмен қарсы алады. Алайда көпшілікке өмірбанын қайта өзгертіп айтпайды, өзінің Тәжібайқызы Роза екенін болмаса Бектібайқызы Рәзия екенін де рас-өтірікке шығармайды.

     Тұтас ғұмырын өнерге арнаған әнші алты жасында Құран оқыған. Ол жайлы өзі «қай кезде болсын қалтамда қызыл билетім болып, коммунист болсам да Құдайымды ұмытқаным жоқ» деп естелік қалдырған. Халық қаһарманының  жақсылыққа жақын болғаны да рас. Оған жыл сайын балалар күнінде қайырымдылық концертін беруі дәлел еді. Тіпті сол концертке дайындаламын деп үш жарым ай ұйықтамағаны да аңызға бергісіз ақиқат болатын.

     Тарихи тұлғаның көпшілік біле бермейтін бір қасиеті − оның көріпкелдігі еді. Әншінің бөлесі Жалғас Сүйеубаев бір естелігінде Розаның туған нағашысы Өмірбай атасының көріпкел кісі болғанын айтады. Расында әншіге көріпкелдік сол кісіден берілген қасиет болар. Аян түстерді жиі көретін әнші өзі жайлы да түс көріп, оны өзі жорып, үйіндегі қызметшілеріне «екі жарым жыл ғана ғұмырым қалды» деген болжамы тура келген. «Біреуге қатты ренжісем не налысам, ол адамды ұшырып түсіремін. Сондықтан ешкімге ренжімеуге тырысамын.

       Мен сахнада тұрғанда жерден көтеріліп тұрғандай сезінемін. Осының бәрі менің бойымда бір тылсым табиғат күші барлығынан болар» деген екен әнші «Қазақстан әйелдері» басылымына берген сұхбатында. Ал Ұрқия Иманбай жазған «Айналайын халқымнан еркелеткен» кітабында біртуар әншінің мына болжамы оқыған адамды таңқалдырмай қоймайды.

    «…Біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ өзім Гагарин соңғы рет космосқа ұшқанда оны баса планеталықтардың, белгісіз бір обьектінің алып кеткенін көрдім.

     …Мен космоспен күніге тілдесе аламын. Космостың адамдары күлгін, көгілдір түсті болып келеді. Әйелдері сарафан, еркектері комбинезон киеді. Олар – өте зор, биік. Оларда асқазан жоқ, тамақ ішпейді, витаминдермен ине шаншып қоректенеді. Ұзақ ұша алмайды. Бірақ ұшатын кездегі азғана уақытта өте зор ақпараттар жинай алады» дейді.   

      Жоғарыда талай жанды әнімен емдеген әншінің сұлулықты жақсы көргенін айттық. Содан болар өнер адамы үйіне хрусталь жинағанды ұнатқан екен. Өзі бұл әдеті жайында «хрустальдің тазалығын, сыңғырын ұнатамын» дейтін көрінеді. Өзінің күтіміне жас кезінен мән берген әнші Мәскеуден арнайы кремдер дайындатып алып отырған. Бетіне мүлде иіс сабын жақындатпайын ол жүзін екі мезгіл тек жұмыртқамен тазалайды екен. Алайда көзін көрген жандар әншінің әдемілікке жақын бола тұра боянбайтынын, беті жас сәбидің жүзіндей уылжып тұратынын айтады. Бір қызығы, алдына барған адам әдемі болып тұрса ғана сөйлесетін өте кірпияз жан екен. Бұл да тек біртуар тұлғаға жарасатын қасиет тәрізді.

       «Өмірді әдемі сүре білу керек. Әдемі өмір сүріп үйрену керек. Қалай болса солай өмір сүрмеу керек. Өмір бір-ақ рет беріледі. Жан дүниең де, мінезің де, үйіңнің іші де әдемі болу керек» деп жиі қайталайтын қазақтың Розасы бар болмысымен баршаға үлгі. 85 жылдық мерейтойында да жанды дауыспен ән салған оның үні де, өзі де жыл өткен сайын гауһардай құнды бола түсері анық.

Дайындаған Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!