Фариза Мырзақұлова – талантымен өнер әлемінде танылған жас. Ол бүгінде Қызылжарма ауылындағы С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің бесінші сыныбында білім алуда.

Фариза би саласындағы қадамын жеті жасынан бастаған. Ең алғаш Ы.Алтынсарин атындағы мәдениет үйіндегі үйірмеге жазылған ол үлкен жетістіктерге ұмтылып келеді. Оның талантын шыңдауда М.Қалауов атындағы қалалық өнер мектебіндегі жетекшісі Әсел Бекзатханқызының еңбегі зор. Себебі ол жетекшісімен бірге ұлттық және классикалық билерді үйреніп, байқауларда бақ сынай бастады.
Өткен жылы Фариза «Қазақстан үміті» атты VI республикалық шығармашылық конкурсына қатысып, «Хореографиялық өнері-стилизацияланған ұлттық би» номинациясында, «Нұр Наурыз Фест» IV халықаралық рухани жаңғыру фестиваль-конкурсында, «Қамажай» II республикалық бишілер конкурстарында бас жүлдені иемденді. Сондай-ақ II халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Music drive» өнер байқауында Гран-при жүлдесіне ие болды. Жас өнерпаздың тағы бір жетістігі ретінде IV халықаралық «Golden Stars» таланттар фестиваліне, қазақтың дара бишісі Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған облыстық I «Қайнар бұлақ» би жарысына, республикалық «Дала сазы» байқауына қатысып, марапатталғанын айтуға болады.
Жас өнерпаз өнер ордасында би әлемінің қыр-сырына қанығып, оқу мен өнерді қатар алып келеді. Осы жылы зерек оқушы Шымкент қаласында өткен хореографиялық өнердің республикалық конкурсында «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі құрамында өнер көрсетіп, «Шаттану» дипломының лауреаты атанды. Би әлемінде өз атын қалыптастырып жүрген Фариза болашағын өнер жолымен байланыстыруды көздейді.


Сәбит КӨШЕРБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!