«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» екені рас. Руханият пен ұлттық құндылық­тардың орталығы саналатын осы мекенде бүгінгі буынды жақсылыққа үндейтін іс-шаралар өткізілуде. Сондай ауқымды шараның бірі «Парасат жолы» жобасы аясында А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылды.
«Көшбасшы жолы − жастарға өнеге» атты кітапханалық «Non Stop» Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының иегері, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Оспанұлының қатысуымен өтті. Кездесуге Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледж кітапханасының меңгерушісі Бақыт Сұлтанбекқызы колледж жастарымен бірге қонақ болды. Сондай-ақ көшбасшылыққа үндеген жиыннан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жастары да қалыс қалмады. Еркін кездесуді республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының журналисі, ақын, қаламгер Айдар Сайлауов жүргізді. Шара барысында Талғат Тілес өзінің еңбек жолындағы жетістіктері мен тәжірибесін жастармен бөлісіп, студенттер сауалына жауап берді.
Кеш барысында жас айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Педагогика және дәстүрлі өнер институтының» студенті Ысқақ Серік домбырамен күй тартып, Жамбыл Бақытәлі өз шығармашылығынан өлең оқыды.


Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!