Гүлмайдан Серікбай. Өрелі өнерпазды көпшілік ғаламтор арқылы жақсы біледі. Құрылыста жүріп, эстрадалық музыканың есті орындаушысы ретінде танылған Гүлмайданды біз студент кезден танимыз. Шаһарда белді мейрамханалар мен концерттік іс-шаралардан жиі байқайтынбыз. Талантына таңдай қаққан өнер иесін соңғы 5 жылда бас қосар дулы орта, концерттерден көрмей кеттік. Сөйтсек, дабыра-дабылдан алшақ кетіп, күн көрістің қамымен Алматыға қоныс аударыпты. Күнделікті кәсібі – құрылыс. Ерекше дарынымен көзге түскен өнер иесінің бүгінде биік мақсаты бар.

Студент кезінде жарқырап шыққан жас әнші көптеген қиындықтарға тап болған көрінеді. Отбасындағы мәселелер Гүлмайданның бағытын 180 градусқа өзгертіпті.

– Басында барлығы жақсы болды. Ауылдан жырақтап, Қызылордаға келіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түстім. Жанды дауыста әнді жақсы шырқайтынмын. Ұстаздарым да өнеріме жақсы баға беріп, үлкен үміт артты. Өкінішке қарай 3 курстан бастап депрессияға түстім. Алдымен анам өмірден озды. Отбасылық мәселе туындап, сабақтардан тыс қалдым. Сол себепті оқуды аяқтай алмадым. Осындай қиындықтар жастығымның жартысын жалмады. Қазір одан құтылып жаңа өмірге аяқ басып жатырмын. Карантин бағытымызды өзгертті. Мейрамханаларда жанды дауыста ән шырқайтынмын. Күнделікті күнкөріс қылып жүрген табысымыз пандемияда тұралап қалды. Амал жоқ, Қызылордадан Алматыға қоныс аудауға тура келді. Бір күннің ішінде шешім қабылдап, әкем мен баламды ертіп, арман қалаға «арман» қуып келдім. Жаңа үйлердің құрылысы басталып жатқанын көріп, құрылысқа жұмысшы болып орналастым. Содан бері екі жылдай құрылыста жұмыс істедім. Күнделікті табысым – 8 мың теңге болды, – дейді Дана.

Қызу жұмыста түсірілген бір ғана видео Гүлмайданның бағын жақты. Тұншыққан өнері өмірге қайта келіп, ғаламторды жайлады.

– Қысқа уақытта осындай танымалдылыққа ие боламын деп ойлаған жоқпын. Бұған көршім, танымал желі – «Тик-Ток»-та видео  түсіріп жүрген қыз себеп болды. Мен тартынып, қызықпайтынмын. Менен де басқа әншілер көп, оқырмандар соларды қарай берсін деп жүрген едім. Бір күні даусым ашылып әдемі болып тұрды. Бөлмеде жаңғырық бар екен. Бар жан-тәніммен беріліп ән айта бастадым. Сөйтсем, мені видеоға түсіріп тұрғанын байқадым. Кейін қарасам, жап-жақсы шығыпты. Міне, осылай екі күн өтер-өтпестен танымал болып шыға келдім. «Тик-Ток»-та жақсы қаралым жинап жатқаннан кейін қазіргі көмекшім Гауһар инстаграм желісін жүргізу туралы ұсынысын айтты. Гаухардың ұсынысын қабыл алып, өзімнің ән айтқан видеоларымды жүктей бастадым. Шындығында бұл желіне өнерімді дамыту үшін аштым. Бұрын соңды әлеуметтік желі арқылы  тікелей эфирге шықпағанмын. Енді бірте-бірте үйреніп келе жатырмын. Бүгінде 62 мыңға жуық оқырманым бар, – дейді ол.

Гүлмайдан үшін соңғы күндер мүмкіндіктер кезеңі болды.

– Халықтың арқасында танымал тұлғалармен байланыс орнатуға жол ашылды. Республикалық телеарналар мен газет, сайттарға сұхбаттарым жарық көре бастады. Қол үшін созатын жомарт жандар табылды. Әнші Сәкен Майғазиев Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқуымды жалғастыруыма мұрындық болып,  музыкалық білімімді аяқтауға мүмкіндік алдым. Белгілі продюсер Жан Мұқанов та байланысқа шығып, жеке ән жаздыруға қол үшін созбақ. Белгілі экономист Дәулет Мұқаевтың да қолдауын көріп жатырмын. Әрине,  халықтың қолдауымен діттеген мақсатқа жетіп, авторлық әндерімді оқырмандарыма ұсынсам деген мақсатым бар, – деп түйіндеді ол.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!