Қазақ детектив жанрының атасы атанған белгілі жазушы, ҰОС ардагері Кемел Тоқаевтың Кеңес чекистері тақырыбына арналған 10-нан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанған жазушы – «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» деп аталатын шығармалардың авторы.

Кеше Кемел Тоқаев атындағы V республикалық детектив шығармалар байқауы мәресіне жетті. Бесінші рет өткізілген байқаудың басты мақсаты – кенжелеп қалған жанрды қайта жандандыру арқылы детектив жазуға ынталылар қатарын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырманды жаңа авторлардың шығармашылығымен таныстыру. Осыған орай Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасын­да 4 жыл ішінде байқаудан жүлдегер болған шығармалар «Шытырман» деген атпен жарық көрген жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітапсүйер қауымды қуантқан игі шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев пен басқа да зиялы қауым өкілдері, жергілікті басылым журналистері қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов шытырман шығармалар байқауының Сыр елінде ұйымдастырылғанына қуанышты екенін жеткізіп, жаңа жинақ оқырмандардың көңілінен шығатынына тілек білдірді.
«Шым-шытырық оқиғалардан құрылған детектив жанры бір қарағанда оңай болып көрінеді. Алайда, түсіне білген адамға бұл жанр өте күрделі екені белгілі. Бүгін Сыр елінде осы байқаудың қорытынды шарасы өтеді. Қаламынан тың туынды тудырған шығарма иелеріне сәттілік тілеймін», – деді Нұрымбет Аманұлы.
Айта кету керек, Достық үйінде республикалық детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Астана қаласынан келген жазушы Айгүл Кемелбаева «Түтін» шығармасы үшін, ал қызылордалық Тұрақ Ахетов «Оралманның ойраны» шығармасы үшін жүлделі ІІІ орынды иеленді.
«Заң газеті» республикалық басылымының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін шығармалар байқауы – шытырманға толы оқиғалармен қатар, қылмыстың алдын алуда, қылмыстық іс бойынша әділ шешім қабылдауда міндеттерін адал атқарып жүрген сала мамандарының еңбегі туралы қалам тербеген отандастарымызға жаңа мүмкіндік, еліміздегі детектив шығармалардың дамуына жаңа серпін беріп келеді.
ІІ орынға «Тылсым түннің құпиясы» шығармасы үшін Б.Жалиева (Ақтөбе облысы) мен «Қалықтап жеткен үн» шығармасы үшін Н.Шынтаев (Алматы облысы) лайық деп танылды. Бірінші орынмен «Үтіктегі қан» шығармасы үшін А.Әбілов (Қызылорда облысы) марапатталды. Ал 106 шығарманың арасынан жүйрік шыққан А.Өмірбаевтың (Жетісу облысы) «Қылмыскердің күлкісі» шығармасына бас жүлде бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы 1 млн, 750 мың, 500 мың мен 300 мың теңге көлемінде қаржылай сертификаттар табысталды.
Биылғы байқау алдыңғы жылдардан өзгерек болып тұр. Себебі, «Оқырман таңдауы» номинациясы мен меценат Арман Тоқсанбайдың арнайы жүлдесіне лайық шығармалар да марапатқа ие болды. Сая Исабай (Алматы облысы) арнайы жүлдеге лайық деп танылса, оқырман қауым таңдаған үздік шығарма алматылық Дидар Қосылбековке тиесілі. Сонымен қатар Қызылорда облыстық соты төрағасының арнайы жүлдесін «Тергеу аяқталған жоқ…» шығармасы үшін Б.Қалаубай жеңіп алды.
– «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС ұжымы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Алғашқы жылы редакция қоржынына 72 шығарма түскен болатын. Биыл 106 шығарма байқауға қатысуда. Бүгінде детектив жанрына қызығушылық танытып жатқан азаматтар мен қаламгерлер қатары артып келеді. Алдағы уақытта да дәстүрді бұзбай бұл байқауды әр өңірде ұйымдастыру жоспарлануда.
Үміткерлер еңбегін сенатор Мұрат Бахтиярұлы, жазушы Серік Әбікенұлы, Қызылорда облыстық сотының Соттар әкімшісі Сағатбек Сүлеймен, Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев төрелік етті, – деді «Заң газетінің» бас редакторы, ұйымдастыру алқасының мүшесі Айнұр Сембаева.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!