Облыстық ішкі саясат басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Ақ сөйле!» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық «Сыр дарыны» жастар шығармашылық байқауының алғашқы іріктеу кезеңі өтті. Оған Арал ауданынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атансам деген 20-дан астам жас қатысты. Байқау Арал аудандық мәдениет үйінде өткізіліп, жастар 4 бағыт бойынша бақ сынап, жолдамаларды сарапқа салды.
Үздіктерді анықтайтын қазылар құрамында Сыр өңіріне танымал, белгілі азаматтар отырды. Құрамында үш дүркін алтын домбыра иегері, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов және жыршы, өнертанушы Берік Саймағамбетов, Арал аудандық мәдениет үйінің директоры Құттыбай Қуанышов болды. Әділ бағасын айту әділқазыларға оңайға соқпады. Дегенмен асығы алшысынан түскен өнерпаздар іріктеу кезеңінің жолдамасын «жұлып» әкетті. «Дәстүрлі ән» бағыты бойынша өнер көрсеткен жастардың арасынан Әли Кеңесұлы келесі кезеңге өтсе, «Жазба ақындық өнер» бағыты бойынша Алтынбек Қыстаубаевқа келесі кезеңнің жолдамасы бұйырды. «Айтыс» бағыты бойынша Бексұлтан Орынбасаров қарсыластарын шаң қаптырып кетсе, «Жыр-терме» бағытының жолдамасы Абылай Бектасовтың еншісіне бұйырды. Байқаудың іріктеу кезеңінде үздік деп танылғандар келесі кезеңнің жолдамасымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлыққа ие болды.
Іріктеу кезеңі Қазалы және Қармақшы аудандарында да өтті. Қазалыдағы 15-тен астам шығармашыл жас 4 бағыт бойынша өнер көрсетіп, қазылар алқасы шешімімен үздік деп танылғандарға облыстық байқауға тек екі бағыт бойынша ғана жолдама берілді. Ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтар болсақ: «Жазба ақындық өнер» бағыты бойынша Дина Бөкебай, «Айтыс» бағыты бойынша Бекзат Серіков үздік деп танылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!