Соңғы аптада А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен 2022 жылдың қорытындысы мен жыл үздіктерін марапаттау шарасы өтті. Мерейлі мерекеге ұласқан жылдың қорытынды кешінде шаһар басшысы жыл көлемінде жеткен жетістіктер мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, қала тұрғындарын санаулы күннен кейін төрімізге енген Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Биыл қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда бірқатар жұмыс атқарылды. Шаһардың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда ауқымды істер жасалды. Жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау, спорт нысандары салынып, халық игілігіне берілді.

Облыс әкімінің қолдауымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не жаңадан 150 автобус алуға 1 млрд 434 млн теңге бөлінді. Бүгінде оның 100-і қалаішілік бағыттарға қосылды. Қалғаны жаңа жылдан кейін келетін болады. Қызылордалықтар осынау игі істің жалғасын алдағы жылы да көреді деген нақты жоспарымыз бар.

Келер жылы қаладағы бірнеше көшеге қайта жаңғырту жұмыстарын бастайтын боламыз. Атап айтар болсам, Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда – Құмкөл» трассасына дейінгі Сұлтан Бейбарыс көшесін реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 349 млн теңге бөлінді. Қайта жаңғырту жұмыстары Астана даңғылы мен Тараз көшелеріне де жүргізіледі.

Жолдарды жөндеумен қатар абаттандыру ісі қатар жүруі тиіс. Осы ретте сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы мен С.Бейбарыс көшесіне облыстық қазынадан тиісті қаржы бөлініп, ол толығымен абаттандырылады. Бұл жұмыстар 17 көпқабатты үй аулаларына да жасалады. Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген 690 млн теңгеге 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы орналастырылады және 52 көше жарықтандырылады.

Қолға алған ең ірі жұмыстарымыздың бірі – тұрғын үй құрылысы. Бұл бойынша жыл басында бөлінген 3,5 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауынан 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Іргесі көтерілген үйлер келер жылы толығымен аяқталып, тұрғындарымыз баспана бақытына кенелмек. Сондай-ақ, авариялық тұрғын үйде тұратын отбасыларды қамту үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 562 млн теңге беріліп, мақсатты шаралар жүзеге асырылуда.

Президент өз Жолдауында ауылдардың еңсесін көтеру үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалады деген болатын. Осыған орай кешенді жоспарлар, тың жобалар бастау алды. Яғни, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 992,9 млн. теңгеге Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінің барлығы – 46 көшесі жөнделеді. Кент және ауылдық округтердегі 167 көшені жөндеуге бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.

Құрметті жерлестер! Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше, келер жылы да арман-тілегіміз жүзеге асып, несібеміз арта берсін. Елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін,– деді Асылбек Өмірбекұлы.

Естен кетпес ерекше шара барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өрістеуі жолында үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді, мыңнан мақтаулы, жүзден жүйрік жыл үздіктері анықталды. Шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін өркендетуге қосқан үлесі үшін  Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаеваға облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын табыстады.

Сонымен бірге халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру арқылы қайырымдылықтың ізгі жолын паш ету мақсатында 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығының арнайы номинация­лары табысталды. Жыл көлемінде әртүрлі салада жетістіктерге жеткен бірқатар азаматтар «Жыл үздігі» номинациясы­мен марапат­талды. Солардың ішінде А.Тоқмағам­бетов атындағы қалалық мәдениет үйінің қызметкері, ақын Ұлықбек Бекұзақұлына «Үздік мәдениет қызметкері – 2022» номинациясы­ табысталса, облыстық «Мереке-Думан» әзіл-сықақ отауы «Үздік өнер ұжымы» атауына ие болды. Түрлі шара барысында тыңғылықты қойылыммен, әуезді ән, әдемі әзілімен көзге түсіп жүрген ұжымның жетекшісі – Салтанат Қаймашева. Сонымен бірге мәдениет саласында үздік танылғандардың қатарында «Үздік жас өнерпаз» да бар. Өнер бағытында өткен жылдың үздігі атанған – әнші Арсен Шағдат.

– Жыл үздіктері анықталған бүгінгі қорытынды шарада қаланың мәдени-рухани дамуына ықпал етіп жүрген игі жақсылар бас қосып, өткенімізге есеп беріп, ертеңімізге ерекше сенім білдірдік. Сыр өңірі талантқа да, өнерліге де кенде емес. Оған дәлел – Қорқыт атадан бастау алған сөз бен ән өнері. Ендеше, ата-бабаның дәстүрін жалғаған бүгінгі буын, мына біздің, өнер жібін үзуге қақымыз жоқ.

«Үздік мәдениет қызметкері» атанғаныма қуаныштымын. Өзге де марапатталған жыл үздіктерін құттықтаймын. Қаламыздың, өңіріміздің өркендеуіне өз саламызды дамыта отырып, үлес қосудан жалықпайық. Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер сыйласын!, – дейді Ұлықбек Тәңірберген.

Жылдың жүзден жүйріктерін анықтаған кеш мерекелік концертпен жалғасып, қазақ эстрадасының жұлдыздары Әбдіжаппар Әлқожа, Ақбота-Нұр және жергілікті өнерпаздар салтанатты шараға қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Аделина Мәделханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!