Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Әбдіжәмил Нұрпейісов музей-үйінде музей қызметкерлері арасында «ҮЗДІК МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ– 2022» байқауы өтті. 

Іс-шараға Арал ауданы әкімінің орынбасары Бержанов Кете-Төлеби Досымжанұлы, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұржақыпова, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз, өлкетанушы Үргенішбай Қуатов және музей қызметкерлері, тарихшылар қатысты. Танымдық іс-шараны Арал ауданы әкімінің орынбасары Бержанов Кете-Төлеби Досымжанұлы ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың мақсаты – өзіндік ерекшелігі бар шығармашыл қызметкерлерді анықтау және қолдау, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, ұлттық дәстүрді жаңғырту, дамыту, насихаттау, музей мамандығының рөлін арттыру, бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Байқауға барлық деңгейдегі музей қызметкерлері қатысып, 3 түрлі сынақ бойынша бақ сынасты. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шарты бойынша барлық сынақтан сүрінбей өтіп, қазылар алқасының шешімімен Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Қанат Жапақов «Үздік музей қызметкері» болып танылды.

Сондай-ақ, байқау ережесі бойынша Ғани Мұратбаев мемориалды музейінің қор сақтаушысы Әлібек Сералы, «Үздік музейлік жоба», С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының экскурсоводы Тасенова Айжан, «Креативті маман», Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әбутегі Бекболат «Рухани құндылықтарды насихаттаушы» номинацияларын өзара бөлісті. 

Байқауға қатысқан қызметкерлер ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!