Әнші Абай Бегей «1001 түн» бағдарламасында «Аспанға қараймын» әнін 30 мың теңгеге сатып алғанын айтты. Сөзінше, бұл әнді орындаған соң түскен табысына үй салып, кәсіп ашқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Абай Бегей ән жазу кезінде Ұлықпан Жолдасовтың көп көмегін тигізгенін айтады. Тіпті «Аспанға қараймын» әнін де Жолдасовтың ұсынысынан кейін сатып алған.

«Студияға келіп, әнді тыңдадым. Ол кезде тойға барып, ән айтуды «халтура» дейтін. Көбісі ондай әнді айтпайтын. Мен де көп айтпайтынмын. Сөйтіп Ұлықпан аға «Әнді сен айтпасаң, Каспий тобы айтады» деді. Ойланып қалдым да, мен айтамын дедім. Әні мен сөзі Дәуір Сағындықов деген кісінікі. Осылай 30 мың теңгеге сатып алдық. Мұндай ақша менде жоқ, қаржыны Ақтаудағы Жаңабай деген кәсіпкер ағамыздан алдым. Ақшасын кейін қайтарып бердім», – деді әнші.

Абай Бегей көлігін сатып, 30-ға жуық ән жазғанын айтады. Ал «Аспанға қараймын» әнін орындаған соң Ақтауға кеткен.

«Ол кезде анам ауырып жатты, жанында болайын дедім. Бір-екі айдан соң әнді дәмханаларда қойғанын естідім. Тимати де концертінде менің әнімді қойды. Соның барлығы тез тарауына әсер етті. Бұл ән кәсіп ашуға да, үй салуға да, барлығына себепкер болды», – дейді Абай Бегей.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!